"Министр,мынау не?!": Мектептерде жүргізілген сауалнама жұртты дүрліктірді

"Министр,мынау не?!": Мектептерде жүргізілген сауалнама жұртты дүрліктірді

Әлеуметтік желіде мектептерде оқушылардың ата-аналары хиджаб кие ме, баласы мешітке бара ма деген мазмұндағы мәліметтер жиналып жатқаны туралы жазбалар қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары мұндай сұрақтардың білім беру үдерісіне қандай қатысы барын сұрап, оның заңдылығы мен мақсатына күмән келтіріп жатыр, деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде жарияланған жазбада бір ата-ана сынып жетекшісінің ата-аналар тобында: «Араларыңызда хиджаб киетін ата-аналар болса, маған жекеме жазып жіберсеңіздер» деген хабарлама жібергенін көрсеткен.

Автор мұндай сұрақтың мұғалімнің жеке бастамасы емес, жоғарыдан берілген тапсырма болуы мүмкін екенін айтып, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан түсініктеме сұраған.

Жазбаға пікір қалдырған өзге ата-аналар да осыған ұқсас жағдайларға тап болғанын жазуда.

Бір қолданушы Қосшы қаласындағы №3 мектепте «бала мешітке бара ма?» деген сұрақ қойылғанын айтса, тағы бірі мектептерде ата-ананың ұлты, білімі, әлеуметтік жағдайы секілді мәліметтермен бірге діни сипаттағы сұрақтар да кездесетінін жазған.

Желіде тараған тағы бір кестенің суретінде тіпті «Хиджаб киетін ата-аналар» деген жеке жол көрсетілген.

Бұл жайт пікірталасты одан әрі күшейтті.

«Мұғалімнің не шаруасы бар, анасы хиджаб кие ме, кимей ме?»

«Ертең үйдегі адамның намаз оқитынын да сұрай ма?»

«Мұндай ақпарат не үшін жиналады?»

«Баланың біліміне ата-анасының киімі қалай әсер етеді?»

деген пікірлер көптеп жазылған.

Сонымен бірге кей қолданушылар мұндай сұрақтарды сынып жетекшілері өз бетінше қоймайтынын, ақпаратты мектеп әкімшілігі немесе жоғары тұрған органдар талап етуі мүмкін екенін алға тартты. Жазба авторының өзі де мұғалімдерді кінәламайтынын айтып, нақты сұрақтың «бұл мәлімет кімге және не мақсатта қажет?» екенін атап өткен.

Мәселенің тағы бір маңызды қыры – дербес деректер. Қазақстанның «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңы азаматтар туралы мәліметтерді жинау мен өңдеуге арнайы талаптар қояды және оның мақсаты адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін белгілейді. 

Ал «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін және әр адамның ар-ождан бостандығы мен діни нанымына қарамастан тең құқықты болуына кепілдік беретінін бекітеді. 

Алайда әлеуметтік желіде тараған нақты кестенің қай мекемеден шыққаны, мұндай мәліметті жинауға кім тапсырма бергені және оның қандай нормативтік негізі бары әзірге ресми түрде түсіндірілген жоқ.

Сондықтан жұрттың көтеріп отырған негізгі сауалы ашық күйінде қалып отыр: мектепке ата-ананың орамал тағатынын немесе баланың мешітке баратынын білу не үшін қажет?

Барлық жаңалықтар