Қазақстан АҚШ-қа тікелей рейс ашуға тағы бір қадам жақындады

Қазақстан АҚШ-қа тікелей рейс ашуға тағы бір қадам жақындады

АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің мамандары Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау жүйесін тексеруді аяқтады. Егер елге Category 1 мәртебесі берілсе, қазақстандық әуе компаниялары АҚШ-қа тікелей рейс ашуға қажетті негізгі реттеуші шарттардың бірін орындайды, деп жазады Democrat.kz.

FAA мамандарының IASA халықаралық бағалауы Қазақстанда 21–25 қыркүйек аралығында өтті.

Америкалық сарапшылар Қазақстанның авиациялық заңнамасын, нормативтік актілерін және мемлекеттің азаматтық авиациядағы халықаралық қауіпсіздік стандарттарының орындалуын бақылау мүмкіндігін тексерген.

24 қыркүйекте FAA тобы Air Astana компаниясына да барған. Әуе компаниясы АҚШ Көлік министрлігіне Америкаға рейс орындауға қажетті экономикалық рұқсат алу үшін өтініш берген.

Тексеру қорытындысында сарапшылар бірқатар бағыт бойынша жақсы нәтиже бар екенін алдын ала атап өткен.

Енді FAA Қазақстанның авиациялық органдарына ресми хабарлама жолдап, соңғы консультациялар өткізуі керек. Содан кейін Category 1 мәртебесін беру мәселесі шешіледі.

Бұл мәртебе тікелей рейс автоматты түрде ашылады дегенді білдірмейді, бірақ АҚШ бағытындағы тұрақты рейстерді іске қосу үшін қажетті негізгі талаптардың бірі саналады. 

Барлық жаңалықтар