Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшінің артында ата-анасы, бауырлары, достары, орындалмай қалған армандары қалды. Қайғылы оқиғадан кейін олардың жақындары әлеуметтік желіде марқұмдардың соңғы сөздерін, үйге оралатын күнін санаған сәттерін, болашаққа құрған жоспарларын бөлісіп жатыр, деп жазады Democrat.kz.
24 қыркүйектегі трагедиядан кейін желіде сарбаздардың әскери формамен түскен суреттерінен бөлек, қарапайым өмірдегі бейнелері де тарады. Бірі кішкентай баланы көтеріп ойнап жүр, енді бірі достарымен бірге күліп отыр. Ал кей отбасылар үшін ең ауыр естелік – санаулы күннен кейін үйге оралуға тиіс болған баласын күткен сәттер.
«3 қазанда үйге келеді» деп тойға дайындалған
19 жастағы Азамат Мәдіханның әскердегі қызметінің аяқталуына небәрі тоғыз күн қалған.
Жақындары оны 3 қазанда күтіп алып, әскери борышын өтеп келген ұлдың құрметіне үлкен той өткізбек болған. Ағайын-туысқа шақыру да жіберіліп қойған. Бірақ қуанышты дастарқанның орнына отбасы қаралы жиын өткізуге мәжбүр болды.
Азаматтың жақыны оның ақкөңіл, балажан болғанын еске алған.
«Үйге қайтуға аз қалды, жақында саған барамын деп жүруші едің» деген жолдар марқұмның соңғы күндердегі көңіл күйін аңғартады. Туыстары оның кішкентай сәбиді көтеріп, ойнатып жүрген видеосын да жариялаған.
Үйленуге дайындалып жүрген офицер
Қаза тапқандардың бірі – аға лейтенант Олжас Мұхтарұлы.
Досының естелігінде Олжас шетелде бес жыл оқыған, қызметке енді орналасқан, өзінен кіші сарбаздарға үнемі қамқорлық көрсететін азамат ретінде сипатталады.
Оның қарындасының айтуынша, Олжас та 3 қазанда қызметін аяқтап, үйіне оралуы керек болған. Одан кейін үйленуді жоспарлап жүрген. Жақындары оның жас сарбаздарды қорғауға тырысқанын айтады.
«Сен жүзе алмайсың ғой...»
Әсет Жаңабайдың жақыны қайғылы оқиғадан бес күн бұрын ғана оның туған күні болғанын еске алған.
Сол күні Әсет демалыс алып, таныстарының жанына барған. Әңгіме арасында жақында теңізге шығатынын айтқан.
Сонда бір танысы оған:
«Сен жүзе алмайсың ғой...»
деген.
Әсет болса жағалауда ғана жүретіндерін айтып жауап берген. Бірнеше күннен кейін дәл сол теңіз оның өмірін қиғаны жақындарының жанын одан сайын ауыртты.
Анасы ем алуы тиіс күні ұлынан айырылды
20 жастағы Алмас Көбенов бес балалы отбасының кенже ұлы болған.
Оның анасы Меруерт Дүйсенбаева қатерлі ісікпен күресіп, ем қабылдап жүрген. Алмас қаза тапқан күні анасы кезекті ем-дом шарасынан өтуге тиіс болған. Бірақ ұлының қазасы туралы қаралы хабардан кейін емін үйінде жалғастыруға тура келген.
Отбасының екі үлкен ұлы да әскерде болған. Сондықтан кенже ұлын да Отан алдындағы борышын өтеп, аман-есен келеді деп күткен.
Құқық қорғау саласында жұмыс істегісі келген Өмірбек
19 жастағы Өмірбек Өмірзақ отбасының тұңғышы болған.
Әкесінің естелігі бойынша, Өмірбек болашақта құқық қорғау органдарында жұмыс істеуді армандаған. Оның атасы Ауған соғысының ардагері болған. Әскерден кейінгі өмірін жоспарлап жүрген жас жігіттің арманы Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін орындалмай қалды.
Спортпен өскен сарбаздар
Мейрамбек Бердіхановты жақындары бала күнінен спортқа жақын, дзюдомен кәсіби түрде айналысқан жігіт ретінде еске алады.
Ал Сержан Аяпберген «Жас Батыр» спорт мектебінде жаттығып, самбо мен дзюдодан жарыстарға қатысып, Қазақстан чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған.
Қазір әлеуметтік желіде осы сарбаздардың өмірдегі қарапайым сәттері – туған күндері, достарымен кездесулері, ата-анасына жазған хаттары, болашаққа құрған жоспарлары қайта жарияланып жатыр.
Бірнеше күн бұрын ғана біреуі үйленуді, біреуі қызметке орналасуды, енді бірі әскерден оралып, ата-анасымен қауышуды жоспарлаған.
Каспийдегі қасірет бір сәтте 14 отбасының өмірін өзгертті. Ал олардың жақындары үшін сарбаздардың соңғы суреттері, хаттары мен айтқан сөздері енді өмір бойы сақталатын ең қымбат естелікке айналды.