Қазақстан бастауыш сыныптардағы БжБ мен ТжБ-дан бас тарта бастады. Бұл өзгеріс бір ғана бақылау жұмысын алып тастау емес, он жылға жуық қолданылған критериалды бағалау жүйесінің практикалық нәтижесіне қайта қарау деген сөз. Негізгі мәселе – бастапқыда баланың білімін әділ әрі түсінікті бағалауға тиіс жүйе уақыт өте келе мұғалім, оқушы және ата-ана үшін балл мен пайыздың күрделі есебіне айналып кеткен жоқ па деген сауалда, деп жазады Democrat.kz.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанның 2–4-сыныптарында БжБ мен ТжБ алынып, оның орнына қалыптастырушы және аралық бағалау енгізілді. Бірінші сыныпта бұрынғыдай баға қойылмайды. Алайда бұл өзгеріс әзірге бүкіл мектепке тараған жоқ: 5–11-сыныптарда БжБ мен ТжБ жүйесі сақталып отыр.
Әлеуметтік желіде білім мәселелерін талдап жүрген Қайрат Дәулеталин осы өзгерісті БжБ мен ТжБ жүйесінің он жылдық тәжірибесін қайта бағалауға себеп деп көрсетеді.
Оның көтерген негізгі мәселесі өте қарапайым: бағалау оқуға көмектесуі керек еді, бірақ біртіндеп оқу процесінің өзін басқара бастады.
Бұған дейін қолданылған жүйеде тоқсандық бағаның 25 пайызы қалыптастырушы бағалаудан, 25 пайызы БжБ-дан, 50 пайызы ТжБ-дан құралды. Соның салдарынан бір ғана сәтсіз ТжБ тоқсандық қорытындыға айтарлықтай әсер ете алатын.
Мәселенің екінші жағы – мұғалімге түскен қысым.
Педагог бір мезгілде оқу бағдарламасын үлгеруі, БжБ мен ТжБ өткізуі, журнал толтыруы, нәтижені түсіндіруі, ата-ананың «неге 8/15?», «неге қайта тапсырмайды?» деген сұрақтарына жауап беруі керек болды. Осы жағдайда бағалау баланың біліміндегі әлсіз тұсты анықтайтын құралдан есеп беру механизміне айналу қаупі бар.
Үшінші мәселе – ата-ананың бағалауды түсінуі.
Бұрын «5», «4», «3» деген баға түсінікті еді. Ал БжБ мен ТжБ жүйесінде ата-ана 11/17, 14/20 тәрізді балдарды, олардың пайызын және тоқсандық бағадағы салмағын түсінуге мәжбүр болды. Яғни жүйе математикалық тұрғыдан дәлірек болғанымен, қарапайым отбасы үшін әрдайым түсінікті бола бермеді.
Министрліктің өзі бағалауды өзгерту кезінде ата-аналардың өтініштері, педагогтердің ұсыныстары, практикалық тәжірибе және оқу жетістіктерінің мониторингі ескерілгенін мәлімдеді. Жаңа тәртіпте қалыптастырушы бағалаудың рөлі күшейтіліп, бөлім аяқталған сайын аралық бағалау жүргізіледі.
Демек, мәселе БжБ мен ТжБ-ның идеясының түгелдей қате болғанында емес. Критериалды бағалаудың бастапқы мақсаты – мұғалімнің субъективті бағасын азайтып, оқушының нақты қандай дағдыны меңгергенін көрсету еді.
Бірақ он жылдық тәжірибеден кейін басқа мәселе анық байқалды: бағалау жүйесі тым күрделенген кезде баланың не үйренгенінен гөрі, қанша балл жинағаны алдыңғы орынға шығып кетуі мүмкін.
Сондықтан бүгінгі басты сұрақ «БжБ мен ТжБ жақсы ма, жаман ба?» деген талас емес.
Басты сұрақ – мектеп баланың білімін өлшей ме, әлде баланы үнемі өлшеумен айналысып кетті ме?
2–4-сыныптардағы жаңа жүйе енді осы сұраққа тәжірибе жүзінде жауап беруі тиіс.