Алматы облысының мектептерінде министрліктен келетін мамандарға дайындық басталғаны туралы ақпарат тарады. Кейбір аудандарда мұғалімдерден үш жылдық құжаттарын әзірлеу талап етіліп жатқаны айтылған. Алайда педагог Айман Сағидулла министрлік өкілімен сөйлескенде, сапардың мақсаты құжат тексеру емес, әдістемелік көмек көрсету екенін естіген. Бұл мәлімет әлеуметтік желіде қызу талқыланып, мұғалімдер тексеру мен әдістемелік көмектің аражігін ажыратуды талап етті, деп жазады Democrat.kz.
Алматы облысының білім беру ұйымдарында министрліктен келетін мамандарға дайындық жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде талқылануда.
Педагог Айман Сағидулла Facebook парақшасында осы мәселеге қатысты жазба жариялап, мұғалімдер арасында құжат әзірлеу жұмысы басталғанын хабарлады.
«Алматы облысына министрліктен тексеру келе жатыр. Мұғалімдер құжаттарын дайындап жатыр. 3 жылғы құжаттарын дайындап жатқан аудандар да бар», – деп жазды ол.
Автордың айтуынша, сапар барысында нақты қандай жұмыстар жүргізілетіні туралы ақпарат әртүрлі тараған.
Осыны анықтау мақсатында ол министрлік өкілімен сөйлескен.
«Ешқандай құжат тексермейміз»
Айман Сағидулла министрлік өкілі Жомарт есімді азаматпен сөйлескенін айтып, оның жауабын жариялаған.
«Әдістемелік көмек. Семинар өткіземіз. Сауалнама аламыз. Егер мұғалім рұқсат берсе, сабағына қатысып, әдістемелік көмек көрсетіп кетеміз. Ешқандай құжат тексермейміз», – деген министрлік өкілінің сөзін келтіреді педагог.
Яғни автордың жеткізуінше, жоспарланған сапардың мақсаты мұғалімдердің құжаттарын тексеру емес, әдістемелік қолдау көрсету.
Алайда бұл түсініктеме мектептердегі дайындықтың сипатына қатысты жаңа сұрақ туғызған.
Егер құжат тексерілмесе, педагогтер неліктен бірнеше жылдық қағаздарын әзірлеп жатыр?
«Кешеден бері бұйрық, хат сұрап жүрмін. Ешкімде жоқ»
Айман Сағидулла сапар туралы ресми ақпараттың мектептерге алдын ала жеткізілуі қажет екенін атап өткен.
Оның пікірінше, тексеру болсын, әдістемелік көмек болсын, мұғалімдер оның мақсаты мен тәртібін білуге тиіс.
«Кешеден бері елдің бәрінен, бастықтардың бәрінен бұйрық, хат, қағаз сұрап отырмын. Ешкімде жоқ. Таппайды ешкім», – деп жазған ол.
Педагог мұндай жағдайда мұғалімдерге ресми, жазбаша ақпарат берілгені дұрыс деп санайды.
«20-дан астам папка дайындап жатыр»
Жазбаның астына пікір қалдырған педагогтер де мектептердегі дайындық туралы мәліметтермен бөліскен.
«Барлық мектепте тексеруге дайындық қызу жүріп жатыр. Қаншама қағаз кетіп жатыр, әсіресе сынып жетекшілердің папкаларының саны 20-дан асты деп естідім», – делінген пікірлердің бірінде.
Тағы бір оқырман өз мектебінде мамандардың бірнеше сыныпқа кіргенін хабарлаған.
«Саламатсыз ба. Біздің мектепте өздері қалаған сыныптарға кірді....», – деп жазған ол.
Ал басқа пікірде білім беру ұйымдарына әдістемелік көмек көрсету үшін келіп, іс жүзінде тексеруге ұласатын жағдайлар болатыны айтылған.
«Әдістемелік көмек деп келіп, тексеруге ұласып кететіні бар ғой», – деп күмән білдірген желі қолданушысы.
«Сабаққа қатысу үшін мұғалімнен рұқсат сұрай ма?»
Талқылауда ерекше назар аудартқан тағы бір жайт — министрлік өкілінің мұғалімнің рұқсатымен сабаққа қатысу туралы түсініктемесі.
«Сабаққа қатысуға мұғалімнен рұқсат сұрағаны дұрыс екен егер шындық болса», – деп жазған пікір иелерінің бірі.
Енді бірі алдын ала ескерту жасалып, сапардың мақсаты түсіндірілсе, мұғалімдер арасында артық әбігер туындамайтынын айтқан.
Бұл тұста әдістемелік көмек көрсету үшін сабаққа қатысу мен ресми бақылау жүргізудің құқықтық негіздері бірдей болмауы мүмкін екенін ескеру қажет.
«Тексерісті өздерінен бастасын!»
Пікірлердің бір бөлігі тексерулердің жиілігі мен мұғалімдерге жүктелетін қағаз жұмысына қатысты болды.
«Тексерудің мақсаты да солай болу керек қой. Бізде олай емес, құжат қазбалап кетеді», – деп жазған оқырман.
Тағы бір пікірде мектептерге әдістемелік көмек көрсету деген желеумен жиі барып, мұғалімдерді құжат дайындауға мәжбүрлеу сыналған.
«Тексерісті, зерделеуді ең алдымен министрліктің өзінің ішінен, айналасындағы комитеттер мен департаменттерден, бағыныстағы құрылымдардан бастасын», – деген ұсыныс та айтылды.
Желі қолданушыларының бірі әдіскерлердің алдын ала ескертусіз келіп, құжат тексеріп, акт толтыруының заңдылығына сұрақ қойған.
Алайда ұсынылған пікірлерде мұндай әрекеттердің нақты қай мектепте және қандай жағдайда болғаны толық көрсетілмеген.