Алматы облысының мектептерінде министрліктен комиссия келеді деген хабар мұғалімдерді әбігерге салған. Журналист Нұртай Лаханның айтуынша, кей білім беру ұйымдарында педагогтер үш жылдық құжаттарын түгендеп, бұрынғы оқушылардың ҰБТ нәтижелеріне дейін қайта қарап жатыр. Алайда комиссияның нақты қашан келетінін және нені тексеретінін ешкім анық білмейтін көрінеді. Журналистің жазбасына мұғалімдер де үн қатып, біреулер дайындықты сынаса, енді біреулер мұндай жұмыстарды әдістемелік көмек деп түсіндірді. Ал жарияланған ресми бұйрықта үш жылдық құжаттарды тексеру туралы талап көрсетілмеген, деп жазады Democrat.kz.
Алматы облысының мектептерінде министрлік өкілдерінің келуіне байланысты қалыптасқан жағдай әлеуметтік желіде талқыланып жатыр.
Журналист Нұртай Лахан Facebook парақшасында педагогтердің әбігер жағдайына қатысты өткір жазба жариялады.
Оның айтуынша, соңғы бір ай көлемінде Алматы облысының мұғалімдері комиссия келеді деген хабармен әбігерге түскен.
«Бір ай болды, "Ойбай, министрліктен комиссия шығыпты. Үш жылдық құжатты тексереді екен" деп мұғалімдердің алашапқын болып жүргеніне», – деп жазған журналист.
«Үш жыл бұрын мектеп бітірген оқушылардың ҰБТ нәтижесін түгендеп жатыр»
Нұртай Лаханның мәліметінше, кейбір мектептерде дайындық тек қазіргі оқу жылындағы құжаттармен шектелмеген.
«Басқа облыстарды білмеймін, Алматы облысының мектептері 18-24 қараша аралығында келеді деп осыдан үш жыл бұрын мектеп бітіріп кеткен оқушыларды ҰБТ нәтижесінен бастап, өткен тоқсандағы білім сапасына дейін түгендеп, кейбір төмен көрсеткен сыныптардың үлгерімін қолмен түзуде», – деп жазды ол.
«Қай күні, кім келетінін ешкім білмейді»
Нұртай Лахан мұғалімдердің алаңдауына нақты ақпараттың жетіспеуі себеп болғанын атап өткен.
«Ол жердегі әңгімеге сенсеңіз, комиссия емес, "жоңғар әскері" келе жатқан секілді. Біраз бір қызығы, келетін комиссия нақты нені тексереді, не үшін келе жатыр және қашан екенін ешкім білмейді», – деп жазған ол.
Журналистің айтуынша, кей мектептерде облыстық білім басқармасының 2 қарашада шыққан бір парақтық бұйрығы бар, ал кейбірінде ол да жоқ.
Сонымен қатар бұйрықтан комиссияның нақты қай күні, қандай мектепке баратыны түсініксіз екенін жеткізген.
Ресми бұйрықта не жазылған?
Журналистің жазбасымен бірге Алматы облысы Білім басқармасының 2026 жылғы 2 қарашадағы №917-н бұйрығы жарияланды.
«Сабаққа қатысу туралы» деп аталатын құжатта 2026–2027 оқу жылында мектепке дейінгі, орта, арнайы, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында педагогтердің сабақтарына қатысу жүргізілетіні көрсетілген.
Бұл жұмыс облыстық әдістемелік орталыққа жүктелген.
Бұйрықта мектепке дейінгі және мектеп, колледж білім алушыларының функционалдық сауаттылығы, жасанды интеллект, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының сабаққа кіріктірілу деңгейін анықтау жұмыстары да қарастырылған.
Сонымен бірге іссапар шығындарының жергілікті жұмыс орындары арқылы төленетіні жазылған.
Алайда ұсынылған бұйрық мәтінінде мұғалімдердің үш жылдық құжаттарын жаппай тексеру туралы талап жоқ.
Сондай-ақ құжатта нақты 18–24 қараша күндері аталмаған.
Демек, журналист сипаттаған дайындық пен жарияланған бұйрықтың мазмұны арасында түсіндіруді қажет ететін айырмашылық бар.
«18–24 қарашаға үш жыл бұрын бітірген оқушылардың құжаты не үшін керек?»
Жазбаның астындағы пікірлерде мұғалімдер мен өзге оқырмандар да бұл мәселеге қатысты сұрақтар қойған.
«18-24 аралығы барғандар қалай 3 жыл құжат тексереді, логика жоқ па», – деп жазған оқырман.
Тағы бірі білім саласындағы қағазбастылықты сынап:
«Министрлік қағазбастылықтан арылту деген сөзді айтпай ақ қойсыншы, олар айтқан сайын көміліп жатырмыз қайта», – деген пікір қалдырған.
Басқа бір оқырман соңғы уақытта «зерделеу» сөзінің жиі қолданылатынын атап өтіп, бұл жұмыстың нақты мақсаты мен мазмұнын түсіндіруді сұраған.
Пікірлерде педагогтердің тексеруге дайындық кезінде негізгі жұмысынан қол үзіп, бұрынғы жылдардың құжаттарын әзірлеуге мәжбүр болатыны жөнінде алаңдаушылық байқалады.
«Бұл тексеру емес, әдістемелік көмек»
Дегенмен пікір білдірушілердің бәрі журналистің сынымен келіспеген.
Бірқатар оқырман жоспарланған сапардың мақсаты құжат тексеру емес, білім сапасын арттыруға бағытталған әдістемелік көмек екенін айтқан.
«Тексеру емес, әдістемелік көмек. Жалпы білім сапасын арттыру барысында туындаған сұрақтарға жауап беру, ұсыныс тыңдау, шешу жолдарын қарастыру. Ешқандай төңкеріп, тексеру жоқ», – делінген пікірлердің бірінде.
Тағы бір оқырман Алматы облысының білім басқармасы мен облыстық әдістемелік орталығының жұмысына ризашылығын білдірген.
Ол білім беру ұйымдарына әдістемелік бағыт-бағдар беріліп, педагогтердің кәсіби тұрғыдан шыңдалуына қолдау көрсетіліп жатқанын айтқан.
Бұл пікірлер жоспарланған сапарға қатысты көзқарастың біркелкі емес екенін көрсетті.
Бір тарап оны қажетсіз тексеруге дайындық ретінде қабылдаса, екінші тарап әдістемелік қолдау көрсету жұмысы деп бағалайды.
«Министрліктің өзінен бастасын»
Талқылауда министрлік пен жергілікті білім басқармаларының жұмысына қатысты сын да айтылды.
Кей пікір иелері мұғалімдерден құжат талап етудің орнына, білім беру жүйесіндегі басқарушылық шешімдердің тиімділігін қарастыру қажет деп есептейді.
Ал журналист Нұртай Лахан жазбасын министр Жұлдыз Сүлейменоваға тікелей сауал қоюмен аяқтаған.
«Құрметті Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова, сонымен мұғалімдерді 'Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға' түсірген комиссия нені тексеріп нені сұрайды және қашан шығады?» – деп сұраған ол.
Бұл сауалдың астарында мұғалімдердің нақты әрі ресми ақпарат алуға деген талабы жатыр.
