Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғада қаза тапқан сарбаз Олжас Өтегеновтің бір қызбен жазысқан хаттары әлеуметтік желіде тарады. Қарапайым әзіл, жылы сөз, түн ортасындағы қысқа хабарламалар мен бір-біріне деген ықыласқа толы жазбалар енді марқұм сарбаздан қалған соңғы естеліктердің біріне айналды, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде жарияланған скриншоттарда Олжас пен қыздың күнделікті еркін әңгімесі көрінеді. Әскердегі ауыр қызметтің арасында сарбаз оған әзіл айтып, халін сұрап, жылы сөздер жазып отырған.
Сол хаттардың бірі ерекше назар аудартты.
«Спокойной ночи, райский уголок» деп жазған Олжас артынша ақ көгершіннің белгісін жіберген.
Бұл хабарлама кейін желі қолданушыларының жүрегін ауыртқан символдық сөзге айналды. Пікір қалдырғандардың бірі:
«“Спокойной ночи, райский уголок”...»
деп, жүрек белгісін қалдырса, енді бірі ақ көгершін суретін жариялаған.
Хаттардан Олжастың қызға деген ықыласы анық байқалады. Бір жазбасында ол:
«Для меня ты не просто девушка...»
деп жазады.
Тағы бір хабарламада қыздың суретіне жауап беріп:
«Өлең шығаратындай көздерің»,
деген.
Әңгімелерінің арасында екеуі қазақша да, орысша да еркін әзілдесіп отырған. Бірде қыз одан:
«Күнде жатарда қарап жатасың ба?» – деп сұрайды.
Олжас:
«Қараймын ғой, оқуда полигонда шаршағанда»,
деп жауап берген.
Тіпті түнгі үште де хат жазуға уақыт тапқан сарбаздың:
«Жатарда дұғамдасың ғой»,
деген сөзі желідегі жұртты ерекше толқытты.
Жарияланған тағы бір скриншотта Олжастың қыздың туған күніне ақша аударып, «С днем рождения» деп құттықтағаны көрінеді. Басқа жазбаларында ол кездесуді, жолдың алыстығын сөз етіп, күнделікті өмірдегі қарапайым нәрселерді әзілге айналдырып отырған.
Олардың әңгімесінде болашаққа қатысты ашық жоспарлар көп емес. Бірақ бір-біріне бауыр басқан екі жастың күнделікті байланысы анық сезіледі.
Бұл хаттарды көрген желі қолданушылары да бейжай қалмады.
«Ол ғашық болған екен»,
«Өте сыпайы жігіт болған»,
«Сыныптасым еді. Мектеп кезінен өте сауатты, үздік оқушылардың бірі болатын»,
«Қандай сауатты болған... Өмірі тым қысқа болғаны өкінішті»,
деген пікірлер жазылған.
Тағы бір қолданушы:
«Жаным-ай, кездесіп те үлгермепті...»
деп жазса, марқұмды бұрыннан білетіндер оның сабырлы, сыпайы әрі білімді болғанын еске алған.
Әлеуметтік желіде жарияланған жазбалардың бірінде Олжас Өтегеновтің 2003–2026 жылдары өмір сүргені көрсетілген.
Бірнеше апта бұрын ғана қалжың мен жылы сөзге толы болған бұл хаттар бүгінде мүлде басқа мағынаға ие болды. Әдеттегі «қайырлы түн», туған күнге құттықтау, әзіл мен қысқа жауаптардың әрқайсысы енді қайтып келмейтін адамның үніндей қабылданып отыр.
Ал жұрттың жүрегіне ең қатты тигені – Олжастың бір кездері жай ғана жылы тілек ретінде жазған сөзі болды:
«Спокойной ночи, райский уголок...»