Қызылордада кәсіпкерлер мен тұрғындардан күш қолданамыз деп қорқытып ақша талап еткен ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі аяқталды. Тергеу дерегінше, топ түрмеде отырған адамдарға көмек деген желеумен қылмыстық «общакқа» да ақша жинаған, деп жазады Democrat.kz.
Полицияның мәліметінше, ұйымдасқан топтың қызметі жедел-іздестіру шаралары барысында анықталған.
Тергеу кезінде кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардан ақша бопсалаудың бірнеше эпизоды құжатталған. Күдіктілер ақша бермеген жағдайда күш қолданамыз деп қорқытқан.
Сонымен бірге топ мүшелері бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамдарға көмектесу деген сылтаумен «общакқа» ақша жинаған.
Санкцияланған тінту кезінде травматикалық және пневматикалық қару, оқ-дәрі, ақша және басқа заттай дәлелдер тәркіленген. Тергеушілер банк аударымдары мен цифрлық дәлелдерді де зерттеген.
Сегіз адам күдікті ретінде жауапқа тартылып, олардың басым бөлігі қамауға алынған.
Іс сотқа жетіп, топты ұйымдастырушы мен белсенді мүшелеріне төрт жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.