Ата-аналардың талабынан кейін оқушының мектеп сөмкесінің салмағы жеңілдемек

Ата-аналардың талабынан кейін оқушының мектеп сөмкесінің салмағы жеңілдемек

Ата-аналардың бастауыш сынып оқушыларының ауыр мектеп сөмкесіне қатысты шағымынан кейін Қырғыздың Білім министрлігі жаңа шешім ұсынды. Енді мүмкіндік болса, оқушылар қалың оқулықтарды сыныпта қалдырып, үйге тек жұмыс дәптерлерін алып қайтуы мүмкін, деп жазады Democrat.kz.

Оқу жылы басталғалы Қырғызстанда ата-аналар балалардың сөмкесі шамадан тыс ауырлап кеткенін әлеуметтік желілерде жиі көтерген. Мәселенің ауқымы да аз емес: кейбір жаңа оқулықтың салмағы 700 грамға дейін жетеді, ал сабақ кестесіне сай барлық кітап пен жұмыс дәптерін бірге салғанда оқушының сөмкесі 6–7 келі тартуы мүмкін.

Қырғызстан Білім министрлігінің мектептегі білім беру басқармасының басшысы Мелисбек Музулманов әсіресе 1, 2, 5 және 7-сыныптарға арналған жаңа оқулықтардың ауыр болып шыққанын мойындады.

Министрлік осыған байланысты мектептерге қарапайым шешім ұсынып отыр: балалар жұмыс дәптерлерін ғана үйге алып кетеді, ал негізгі оқулықтар мүмкіндік болған жағдайда сыныпта қалады.

Алайда бұл уақытша амал ғана. Ведомство кітаптардың пішімін де өзгертпек.

Музулмановтың айтуынша, 3-сыныпқа арналған жаңа оқулықтар қазірдің өзінде екі бөлімге бөлініп шығарылған. Ал салмағы ауыр басқа сыныптардың кітаптары да алдағы уақытта осындай екі бөлікті форматқа көшіріледі.

Болашақта бұл тәсілді бастауыш сыныптарға арналған барлық оқулыққа қолдану жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Қырғызстан 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу аясында жаңа буын оқулықтары мен оларға арналған жұмыс дәптерлерін шығарып жатыр. Бірақ жаңа кітаптар қолданысқа түскен соң, олардың салмағы ата-аналардың жеке мәселесінен қоғамдық талқылауға айналды.

Осылайша, көрші ел ауыр сөмкеге қатысты мәселені баланың арқасына жүк арта берумен емес, оқулықтың өзін жеңілдету және оны мектепте қалдыру арқылы шешуге кірісті. 

Барлық жаңалықтар