15 наурыз Конституция күні болып белгіленеді

15 наурыз Конституция күні болып белгіленеді

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазмедиа» орталығында республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқан жастармен кездесті, деп хабарлайды Democrat.kz. 

Президент бүгін тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға ризашылығын білдірді.
«Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын», – деді мемлекет басшысы. 
Сонымен қатар президент жаңа Конституция, ең алдымен, жастарға арналғанына назар аударды. Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталды. 
«Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген экзит-полл қорытындысымен танысты
«Қазмедиа орталығының» студиясында экзит-полл нәтижелері таныстырылғаннан кейін Мемлекет басшысы мәлімдеме жасады.


«Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны.

Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!» – деді Мемлекет басшысы.
 

Барлық жаңалықтар