16 жасар қызды зорлаған төрт жігіт ақталып шықты

16 жасар қызды зорлаған төрт жігіт ақталып шықты

2024 жылғы қазан айында Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында төрт жігіт 16 жасар қызды алдап, көліктеріне отырғызып, жапан далаға апарып, сексуалды сипаттағы зорлық жасаған деп жазады Democrat.kz. Nege.kz.-ке сілтеме жасап.

 Ол кезде жігіттердің ең үлкенінің жасы 23-те, ең кішісінің жасы 18-де болған. Оларды Қылмыстық кодекстің екі бабы – «Кәмелетке толмаған қызды зорлау» және «Кәмелетке толмағанға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша іс сотқа жолданған.

Алайда 2026 жылғы 29 қаңтарда барлық айыпталушы ақталып шыққан. Ал зардап шеккен қыз психологиялық қысымнан бірнеше рет өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Туыстары сот үкіміне шағым түсірген.

Қыздың анасы мен әпкесі басылымға берген сұхбатында тергеу барысын баяндап берген.

Әпкесінің айтуынша, Аружан бұл жағдайға дейін өте белсенді, ашық қыз болған. Сурет салуды, тамақ жасауды жақсы көрген, музыкамен айналысқан. ІІМ академиясына түсуді армандап жүрген. Бірақ оның өмірі 2024 жылғы 8 қазаннан кейін күрт өзгерген. Сол күні Аружан жаттығудан қайтып келе жатқанда, қасына төрт жігіт отырған көлік келіп тоқтайды. Бір жігіт өзін армияда жүрген ағасының досымын деп таныстырған, тағы бір жігітпен Аружан сырттай таныс болып шыққан.

Туыстары болған жайтты 17 қазан күні бір-ақ білген. Анасы қызының мінезіндегі өзгерісті байқағанымен, ҰБТ алдындағы стресс деп ойлаған. Кейін сынып жетекшісі қызының ауырсынуға қарсы дәрілерді тым көп ішіп жүргенін айтқан. Бөлмесінен дәрілер табылған кезде ғана қыз басынан өткен жағдайды айтып берген.

Туыстары қызының болашығын ойлап әрі әділ үкім шығатынына сеніп, тергеу барысын көпшілікке жарияламаған. Бірақ сотта айыпталушылардың туыстары үкімнен кейін ұлдарын үйіне алып кететінін айтқан, осы жайт күдік ұялатқан.

Нәтижесінде, қыздың туыстарының сөзінше, 2026 жылғы 29 қаңтарда судья барлық фактіні елемей, ақтау үкімін шығарып, айыпталушыларды бостандыққа жіберген.

Барлық жаңалықтар