Ішкі проблемаға қатысты бір нәрсе айтайын, сөге жөнелмей асықпай аяғына дейін оқып, сосын ойланып пікір қалдыруларыңызды сұраймын. Фейктер, басқа да ұнамсыз пікір қалдырғандар бұғатталатындығын ескертіп қояйын, әйтпесе фейк-аккаунт ашып алып аузына келгенді құсатындар табылады.
Қарағандылық біреудің қазақ халқына тіл тигізіп қорлағанын, видеомен кешірім сұрағанын, ақырында Қазақстаннан қашып кетпек болып тұрған жерінен әуежайда ұсталып екі айға қамалғанын бәріңіз де естіп-біліп отырсыңыздар ғой.
Ол тредс әлеуметтік желісінде бәрін ашықтан-ашық жазғандықтан оған дәлелдің де, экспертизаның да қажеті болмай қалғаны түсінікті. Әлеуметтік желілерде оны кешірмейміз, кемі 7 жылға соттау керек деген жазбалар жеткілікті.
Дегенмен де оған қолданылғаны отырған 174-бапты алып тастау керек деген де көзқарас бар. Ондай топтың басында Мұқтар Тайжан, Ұлықпан Ахмедияров, Марғұлан Боранбайлар тұр. Нағыз ұлтшыл, қазаққа жанашыр азаматтар. Бұл қалай болғаны? Оларды тіпті ұлт мүддесіне сатқындық жасаған сатқындар деп баға беріп жатқандар да бар. Алдыңғы екеуін дұрыс білмесем де Марғұланның нағыз жанашыр екендігіне 100% сенімдімін. Ендеше бұл жерде бізге әзірге түсініксіз бір гәп болғаны да? Енді осыны талдайық.
Ол үшін осы баппен кімдер сотталғанын талдап шықсақ та жеткілікті. Тізім қолымызда жоқ, алайда осы 174-баппен сотталғандарды қарап отырсақ жобамен әрбір, айталық, он қазаққа бір басқа ұлт өкілі сотталған болып шығады.
Мүмкін 7/1, мүмкін 15/1, білмеймін, әйтеуір сотталып жатқан қазақта есеп жоқ, ал сепаратистік пиғылдарын жасырмай, ашықтан-ашық ұлтымызды, тілімізді қорлап жүргендер кешіріммен құтылып кетіп жатыр.
Мысалы Көкшетаудағы Аслан деген де небәрі 10 күнге ғана қамалды, ал ол ана тілім орыс тілі деп, Ресей тв-сынан елімізді жамандап қаншама сөздер айтты, олары ескерілмеді.
Енді талдайық. Осы бапты әуел баста ҚК енгізген кім? Депутаттар ғой әрине, кім сол депутаттар? Мүмкін басында жаман ойлары болмаған да шығар, елде ұлтаралық жанжал туып кетпесін деген ізгі ниеттен туындаған шығар бәлкім? Бірақ таяқтың екі ұшы бары сияқты, ол баптың өзі түптеп келгенде өз ұлтымыздың басына әңгіртаяқ болып тиіп жатқан жоқ па? Ендеше ондай баптың барынан жоғы жақсы емес пе? Не пайда көрдік содан?
Сепаратистер азайды ма? Тілімізді мазақ етушілер азайды ма? Ендеше ол бапты алып тастаған дұрыс емес пе? Бұл жерде тек қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де қоса жұмылғаны керек.
Мына жағдайда әлгі қарағандылық қатынды жақтап, 7 жыл тым көп деп жатқан басқа ұлт өкілдері де болуы мүмкін, солардың да ықпалын неге пайдаланбасқа?
Айкидо тәсілі деген бар екен. Қарсыластың инерциясын пайдаланып жеңіске жету. Саған қарай ұмтылып келе жатады, сен соңғы сәтте жалт бересің де әлгіні өз инерциясымен артынан сәл итеріп жібересің, бітті шаруа, жеңіс сенікі.
Сол әдісті неге қолданбасқа? Сондай сәт туып тұрған сияқты. Ойланайықшы. Әйтпесе олар тым ұйымшыл, бірін-бірі қорғап өліп барады, ал біз... бір-бірімізді соттап жатырмыз. Әрі сөз естиміз, қорланамыз, әрі ақыр түбінде сотталамыз, бұл қалай?
Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ, сарапшы.