Disney компаниясының әйгілі «Лило мен Стич» мультфильмінің лайв-адаптациясы 2025 жылдың алғашқы миллиард табыс әкелген фильмі атанды. Бұл туралы Variety басылымы Instagram парақшасында хабарлады.
«Disney студиясының “Лило мен Стич” фильмі 2025 жылы әлемдік прокатта бір миллиард доллар табыс тапқан алғашқы голливудтық туынды болды. Сегіз апталық көрсетілім нәтижесінде фильм АҚШ-та 415 миллион доллар, ал шетелде 580 миллион доллардан астам табыс жинады», – делінген басылым хабарламасында.
Желі қолданушылары бұл жаңалықты қызу талқылап, келесі миллиардтық межені қандай фильм бағындыра алатынын болжауда. Көпшілігі Джеймс Ганн түсірген жаңа «Супермен» фильмін басты үміткер деп есептейді. Бұл жоба прокаттың алғашқы кезеңінде-ақ шамамен 210 миллион доллар жинаған.
Осы жолы Disney студиясы бұрынғы сәтті әдісін қайталады – маркетингтік науқан кезінде Стич кейіпкері танымал классикалық мультфильмдердің көріністеріне еніп шықты. Бұған дейін ол «Арыстан патша» сияқты мультфильмдерде көрініс берген болатын.
Оригинал «Лило мен Стич» мультфильмі 2002 жылы жарыққа шыққан. Гавай аралында тұратын Лило есімді қыз бен ерекше досы – харизматикалық әрі тентек бөтен ғаламшарлық Стичтің достығы туралы әсерлі хикая көрермендердің жүрегін жаулап, «Оскар» сыйлығына «Ең үздік анимациялық фильм» номинациясы бойынша ұсынылған еді.
Қазақстанда фильмнің жаңа нұсқасының прокаты 2025 жылдың мамыр айының соңында басталды.
Democrat.kz.