Олимпиададан алтын алған оқушыға 6,5 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі

Олимпиададан алтын алған оқушыға 6,5 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі

Қазақстан халықаралық олимпиадада жеңген мектеп оқушыларына бірнеше миллион теңгелік мемлекеттік сыйақы төлейді. 2026 жылы алтын медаль үшін ең жоғары төлем 6 487 500 теңгеге жетеді. Сыйақы оқушыны дайындаған мұғалімге де қарастырылған деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанда халықаралық интеллектуалдық жарыстардың жеңімпаздарын ақшалай ынталандыру жүйесі 2022 жылдан бері қолданылады.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында 2026 жылғы сыйақы мөлшерін жариялады. 

Халықаралық олимпиадада бірінші орын алып, алтын медаль иеленген мектеп оқушысына 1500 АЕК-ке дейін, яғни биыл 6 487 500 теңгеге дейін төленеді.

Күміс медаль үшін ең жоғары сыйақы — 1000 АЕК немесе 4 325 000 теңге.

Қола жүлдегерге 500 АЕК-ке дейін, яғни 2 162 500 теңге беріледі. 

Бұл ынталандыру тек оқушыға ғана емес, оны жарысқа дайындаған педагогке де қатысты. Мұғалімдерге де мемлекеттік сыйақы қарастырылған. 

Министрлік дерегінше, 2025–2026 оқу жылында қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысқан.

Нәтижесінде олар 1059 медаль және 57 арнайы марапат жеңіп алған. 

Қазақстан құрамасы бірқатар халықаралық жарыста ерекше нәтижелер де көрсетіп келеді. Мәселен, физика бойынша халықаралық олимпиадада ел атынан барған бес оқушының барлығы алтын медаль иеленгені хабарланған. 

Бұл жүйенің бір ерекшелігі — спорттағы жоғары жетістіктер тәрізді интеллектуалдық жетістікке де материалдық ынталандыру беруінде.

Алайда мұнда кез келген олимпиада емес, мемлекет бекіткен халықаралық интеллектуалдық жарыстар жөнінде сөз болып отырғанын ескерген жөн.

Барлық жаңалықтар