Pantone институты «Cloud Dancer» атты ақ реңкті 2026 жылдың түсі деп жариялады, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты BAQ.KZ -ке сілтеме жасап.
Pantone институты 2026 жылдың түсі ретінде 11-4201 нөмірлі ақ түстің Cloud Dancer («Бұлтты биші») деп аталатын реңкін таңдады. Институт өкілдерінің айтуынша, бұл реңк «айқай-шуы басым әлемдегі тыныштық пен үйлесімнің сыбырлаған үнін» білдіреді.
Pantone ресми сайты хабарлағандай, Cloud Dancer – жеңіл, нәзік әрі тыныштық сыйлайтын ақ реңк. Институт мамандары оның таза кенеп секілді жаңа бастамаларға деген ұмтылысты бейнелейтінін атап өтті. Бұл түс адамның жан дүниесінде табиғи тыныштық, бейбіт күй тудыруға бағытталған.
Cloud Dancer ойды тыныштандырып, шынайы босаңсу мен зейін қоюға мүмкіндік береді. Сананы еркін қыдыртып, шығармашылық үшін кең тыныс ашады, сол арқылы жаңа идеяларға жетелейді, – делінген институт мәлімдемесінде.
Pantone атқарушы директоры Леатрис Эйсманның айтуынша, қазіргі өзгерістер дәуірінде адамзат болашағын ойлап, қоғамдағы өз орнын қайта бағамдап жатыр.
PANTONE 11-4201 Cloud Dancer – айқындыққа жетелейтін нейтрал ақ реңк. Қоршаған ортаның "у-шуы" тым күшейіп, ішкі дауысымызды естуге кедергі келтіретін шақта, бұл түс сананы қажетсіз ықпалдан босатып, өмірдің тек маңызды тұсына көңіл бөлуге көмектеседі, – деді ол.
Айта кетейік, Pantone 2025 жылдың түсі ретінде «ойластырылған еркелік» символы саналатын 17-1230 Mocha Mousse («Мокко мусс») реңкін, ал 2024 жылы адамгершілік пен жанашырлықты білдіретін 13-1023 Peach Fuzz («Шабдалы үлпегі») реңкін таңдаған еді.