5 млрд теңге: Ақтөбе облысында мұғалімдерге демалыс ақысы уақытында төленбеген

5 млрд теңге: Ақтөбе облысында мұғалімдерге демалыс ақысы уақытында төленбеген

Ақтөбе облысында 1 шілдеден бастап жыл сайынғы еңбек демалысына шыққан мыңдаған педагог әлі күнге дейін демалыс ақысын алмаған, деп жазады Democrat.kz. сайты Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Мәселе мұғалімдердің редакцияға жолдаған шағымынан кейін белгілі болды. Олардың айтуынша, демалыс ақысы әлі аударылмаған, ал бұған бюджеттен қаржының түспеуі себеп ретінде көрсетілген.

«Педагогтердің еңбек демалысы – заңмен кепілдендірілген құқық. Демалыс ақысы уақытында төленбесе, бұл тынығу кезеңі емес, алаңдаушылық пен белгісіздікке айналады. Біз демалыс ақысының неге уақытында төленбегенін және қашан берілетінін білгіміз келеді», – делінген мұғалімдердің үндеуінде.

Облыстық білім басқармасы төлемдер бюджеттен қаражаттың түсуіне қарай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Басқарма басшысының орынбасары Ақкенже Тындыбаеваның айтуынша, 1 маусымнан бастап демалысқа шыққан педагогтерге жалақысы мен демалыс ақысы толық төленген.

«Біз кесте жасадық. 1–10 шілде аралығында еңбек демалысына шыққан педагогтерге бюджеттен қаржы түскен бойда демалыс ақысын кезең-кезеңімен төлейміз», – деді ол.

Өңірде шамамен 26 мың мұғалім еңбек етеді. Шілде айында демалысқа шыққан педагогтердің демалыс ақысын төлеуге шамамен 5 млрд теңге қажет.

Кейінірек білім басқармасы барлық төлемді 10 шілдеге дейін толық аударуды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Барлық жаңалықтар