Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Самсы ауылында 7-сынып оқушысының өзіне қол жұмсауына мектеп әкімшілігі тарапынан көрсетілген қысым себеп болуы мүмкін, деп жазады Democrat.kz. сайты Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Марқұм Нұрислам Арыстанның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Баланың ата-анасы суицидке мектеп психологы мен тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші тарапынан көрсетілген психологиялық қысым итермеледі деп отыр.
Олардың айтуынша, оқушылар арасындағы болмашы төбелес ушығып, арты балаға қорқыту мен қысым жасауға ұласқан. Анасы баласына «колонияға қамаймыз», «ата-ана құқығынан айырады» деген сөздер айтылғанын мәлімдеді.
Қайғылы оқиғадан кейін ата-ана кешірім күтсе де, мектеп қызметкерлері өз кінәсін мойындамаған. Қазіргі таңда іс ҚР ҚК-нің 105-бабы бойынша тергеліп жатыр, алайда күдікті тұлғалар жұмыстан шеттетілмеген.
Адвокаттың айтуынша, тергеу барысында бірқатар маңызды процессуалдық әрекеттер жүргізілмеген. Ал мектеп әкімшілігі қысым көрсетілгенін жоққа шығарып отыр.
Бұл жағдай мектептегі жауапкершілік пен балалардың психологиялық қауіпсіздігі мәселесін қоғам назарында қайта көтерді.