Үкімет отырысында Абай облысының әкімі Берік Уәли Президенттің вокзал инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады деп жазады Democrat.kz.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Ауыл және Белағаш стансаларында құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, нысандар пайдалануға берілді. Қалған сегіз бағыт бойынша жоғары динамика байқалуда: соңғы айда дайындықтың орташа көрсеткіші 32,5%- дан 40,1%-ға дейін өсті.
Қазіргі таңда жобалары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған 6 вокзал бойынша, атап айтқанда Ақтоғай, Дегелең, Шар, Үшбиік, Жарма және Жалаңашкөл нысандары бойынша мердігер ұйымдарға шарт сомасының 20% мөлшерінде қосымша аванс төленді. Семей және Аягөз ірі тораптары бойынша әкімдіктің кепілдік хаттары негізінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ жобалар құнының 50% мөлшерінде аванс төленді, бұл Семей вокзалындағы жұмыстарды екі ауысымдық режимге ауыстыруға және құрылысшылар штатын 156 адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
«Сегіз вокзал бойынша көзделген құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімдерге сәйкес қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының орындалу барысын бақылау мақсатында әкімдік тарапынан күнделікті мониторинг ұйымдастырылып, тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Жобалардың жүзеге асырылу барысы бақылауда»,
— деп атап өтті Берік Уәли.
Дереккөз: Үкімет