Абайдың тойы Берік Уәлидің беделін өсірді ме, өшірді ме?

Абайдың тойы Берік Уәлидің беделін өсірді ме, өшірді ме?
Семейде өткен Абайдың тойына қатысты жазба жариялаған журналист Руслан Ерботаның сөздері кейбір кісілерге ұнамай, шоқ басқандай ыршытып жатыр деп жазады Democrat.kz.
 
"Тойдың қалай өткені жайындағы әңгіме қызық қой. Барып көргендер жарыса мақтап жазып жатыр. Біразымен сөйлестік. Таңданыстарында шек жоқ. 
 
Кейбір сөздері есте қалды:
-Бөжейдің асында Абай қалай қызмет етіп, елге атын жайса, бұл тойда Берік Уәли дәл солай Абайдай қызмет етіп өзінің ұлтжанды деңгейін көрсетті.
 
- Бұл Абайдың емес, Берік Уәлидің тойы болды. Оның қасында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев көптің бірі болып қалды. М.Әшімбаевпен салыстырғанда Берік Уәлидің мысы әлде қайда басым, харизмасы жалындай анық көрініп тұрды.
 
- "Бас ақынның тойына Тоқаев неге келмеді?" деп, президентті іздеген, сұраған пенде болмады. Бар зиялы, бар ақын-жазушы әкім Берік Уәлидің әр сөзі мен әрекетіне тәнті болып отырды.
 
Берік Уәли жүрген жерде Тоқаевтың бары да, жоғы да білінбейді екен. Тоқаев бұл тойға келсе де, көпшіліктің алдында Берік Уәлидің бәсі бәрібір жоғары көрініп тұрар еді.
 
Берік Уәли расымен мықты. Президентке бастапқыда баспасөз хатшысысы болып келгенде Қ.Тоқаевтің атқарған ісін емес, Б.Уәлидің селфиін ғана көретін едік.
 
Сөйтсек, өзінің бақайына да келмейтін болмашы қызметте бар таланты мен кең қарымын көрсете алмай бос отырып қалғандай екен.
 
Дәл қазір ел ешінде шынайы әлеуметтік сауал жүрсе, саясат тақтасында ең беделді тұлғаны анықта десе, сауалнамада Б.Уәли алдыға оқ бойы озып шығып, Қ.Тоқаев, М.Әшімбаев, Е.Қариндерді шаң қаптырып кетері анық-ау!" Деп жазды Руслан Ербота. 
 
Журналистің бұл жазбасы кейбіреулерге ұнамаса керек, "арандату жазбасы сияқты", "сарказм ба?", "бұлай жазып не керек?" Деген сыңайда пікірлер жазуда. 
Барлық жаңалықтар