Қазіргі кезде бірнеше алып елдерде адамның денесін өте төменгі температурада сақтап қою әдісі кеңінен қолдансқа енгізіле бастады деп жазады Democrat.kz.
Крионика ол адамның денесін өте төмен температурада сақтап қою әдісі. Болашақта ғылым дамып, сол адамды қайта тірілту мүмкін болады деген үмітпен жасалады.
Қазір мұндай адамдар бірнеше елде сақталып жатыр. Ең көбі АҚШ-та. Онда Alcor және Cryonics Institute деген ірі ұйымдар жұмыс істейді. Еуропада да осындай бағдарламалар бар.
Адамдарды тірідей мұздатпайды. Процедура дәрігер адамның заңды түрде қайтыс болғанын тіркегеннен кейін ғана басталады. Сол кезде денені тез салқындатады, қан айналымын уақытша алмастыратын жүйеге қосып, криопротектор деп аталатын арнайы заттарды денеге енгізеді. Содан кейін температураны біртіндеп түсіріп, денені температурасы -196 °C сұйық азот құйылған резервуарға орналастырады.
Кейбір адамдар толық денесін емес, тек басын немесе миын ғана сақтауды таңдайды. Себебі бұл арзанырақ әрі техникалық жағынан жеңілірек. Оның үстіне адамның жадысы мен тұлғасы мидың құрылымында сақталады деп есептеледі. Сондықтан болашақта денені қайта өсіруге немесе биоинженерия арқылы жасауға болады деп сенетіндер бар.
Бұл денелер үлкен резервуарларда сақталады. Сақтау үшiн электр қуаты қажет емес, азот жай ғана өте баяу буланып, сондықтан оны ара-тұра толықтырып отырады.
Бірақ бүгінгі күнге дейін крионика арқылы сақталған бірде-бір адамды қайта тірілту мүмкін болмаған. Әзірге бұл болашақ медицина бір күні зақымдалған тіндер мен миды қалпына келтіре алады деген үмітке ғана негізделген идея.
Сонда бір қызық сұрақ туындайды. Егер бір күні мұндай технология шынымен пайда болса, барлық адамдарды сақтай беру керек пе? Әлде қоғамға ерекше пайда әкелген ғалымдарды, дәрігерлерді, инженерлерді немесе ойшылдарды ғана таңдап сақтау дұрыс па?деген сауал тастайды sensenesinbe парақшасының авторы.