️«Әдеміліктің» арғы беті: Сәуле Базарханның өліміне кім жауапты?

️«Әдеміліктің» арғы беті: Сәуле Базарханның өліміне кім жауапты?

Танымал қазақтілді блогер, кәсіпкер Сәуле Базархан Алматыдағы Smart Beauty Clinic клиникасында жоспарлы липосакция отасынан кейін көз жұмды. Бұл жайлы марқұмның қызы желіде жанұшыра жазды, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты  Ertenmedia.kz. -ке сілтеме жасап. 

Базархан осыдан төрт-бес күн бұрын аталған клиникада жергілікті анестезиямен операцияға түскен екен. Дәрігерлер отаның ұзақтығы бір-екі сағаттан аспайды деп сендіргенімен, туыстары бірнеше сағат бойы анасының жағдайы туралы ақпарат ала алмаған. 

«Арада екі сағат, үш сағат өтті. Бізге ешқандай хабар берілмеді. Анамыздың қайтыс болғаны туралы тек кешкі алтының шамасында естідік. Жедел жәрдем сағат жетіде жетті. Үш сағат бойы анам жабық есіктің ар жағында жалғыз жатты. Осы уақытта не болды, дәрігерлер оны құтқаруға тырысты ма, неге бізге бірден хабарламады?!», – деп жазды марқұмның қызы.

 Ол сондай-ақ клиника басшылығының қайғылы оқиғаға қарамастан жұмысын тоқтатпағанына ашулы.

«WhatsApp арқылы хабарласып, жұртты келесі аптаға жазып жатыр. Анамыздың өлімінің мән-жайы толық анықталмай тұра, жаңа клиент қабылдауды жалғастыруда», – деп ашынды ол.

Оқиға бойынша Алматы қаласы полициясы қылмыстық іс қозғаған екен. Желідегі қауым оқиғаға қатысты клиникаға жаппай сын айтып, 2GIS-те төмен баға мен теріс пікір қалдыруда. Кейбіреулер клиникада бұдан бес жыл бұрын дәл осындай қайғылы жағдай орын алғанын еске салуда.

Айтуынша, 2021 жылы көп балалы Жәмила Жылқайдарова дәл осы клиникада липосакциядан кейін қайтыс болған. Сол кезде мекеме жабылып, кейін атауын өзгертіп қайта жұмыс істей бастаған деген ақпарат тарауда. Марқұмның қызы мен отбасы істің ақиқатын ашып, кінәлілердің әділ жазасын алуы үшін соңына дейін күресетінін мәлімдеді. Липосакция – артық майды хирургиялық жолмен алып тастайтын косметикалық операция. Ол дененің белгілі бір бөлігіндегі май қабатын вакуумдық сорғыш арқылы сорып алу әдісімен жасалады. Әдетте фигураны реттеу немесе дене контурын жақсарту үшін қолданылады. 

Барлық жаңалықтар