Айдана Меденова хиджабын неге шешкенін ашып айтты

Айдана Меденова хиджабын неге шешкенін ашып айтты

Әнші Айдана Меденова хиджаб тағу және оны шешуіне не түрткі болғанын алғаш рет ашық айтып берді деп жазады Democrat.kz.

Ол бұл туралы журналист Аман Тасығанның сұхбатында өміріндегі күрделі кезеңдерге тоқталып, жеке ішкі күйзелісі мен рухани ізденісін баяндады.

Айдананың айтуынша, хиджабқа келуіне әкесінің ауыр науқасы тікелей әсер еткен. Сол кезеңде намаз оған жан тыныштығын сыйлап, рухани тірек болған.

«Әкем қатты ауырып, кейін бұл өмірден өтті. Сол кездері намаз маған үлкен тыныштық берді. Әкемнің өмірден өтуі – хиджаб кигенімнің себептерінің бірі болды», – дейді ол.

Әнші өмірінде түрлі сынақтар болғанын, бұл әр адамға тән жағдай екенін де жасырмады.

«Өмірде неше түрлі сынақтар болады. Бұл өмір – әр адамға берілетін сынақ. Қазір мен өзімді шынайы әлсіз болдым деп айта аламын. Мен әлсіздік көрсеттім», – деп мойындады Айдана.

Сұхбат барысында Аман Тасығанның «Өнер мен ән үшін хиджабты шештіңіз бе?» деген сұрағына Айдана бұл мәселеге біржақты баға беруге болмайтынын атап өтті.

«Негізі олай айтуға болмайды. Бірақ қазіргі сәтте иә, мен әлсіздік таныттым. Мен өнерге құмармын. Өнер маған өмірдің басқа да бағыттарын ашатынын түсіндім. Қазір өнерде бұрын жасап көрмеген дүниелерді жасағым келіп жүр», – деді ол.

Әншінің айтуынша, өмірде кейде белгілі бір кезеңде белгілі бір тірек қажет болады.

«Өмірде қиындықтар болады, кейбір сәттерде белгілі бір нәрсе керек болады. Мүмкін, дәл қазір маған өнер керек болып тұрған шығар», – деп түйіндеді Айдана Меденова.

Барлық жаңалықтар