Танымал журналист, қоғам белсендісі, марқұм Айдос Садықовтың өлімінен кейін күні бүгінге дейін оның атын пайдаланып, аттарын шығарып, "оппозицияшыл" болып алған бір топтар әлі тыныш табар емес. Марқұм Айдос Садықовтың өліміне кінәліні қазақ жерінен іздеп жанталасқан бұл топтың діттеген мақсаты не? Осы және басқа да сұрақтарға Айдос Садықов өліміне байланысты өзіндік зерттеу жүргізіп жүрген танымал журналист Ораз Әлімбеков тарқатып жауап берді деп жазады Democrat.kz.
-Ораз мырза, біраз уақыттан бері "Айдос Садықовтың өліміне" қатысты түрлі зерттеу жазбаларыңызды жариялап жүрген едіңіз. Алайда соңғы уақытта әлеуметтік желідегі парақшаңыз көрінбейді?
-Менің «Ораз Алимбек (Oraz Alimbek)» атты Facebookтегі аккаунтым «Кім жеңеді: Гаджи Гаджиев «Бәсе» ютуб арнасы мен «Respublika» сайтын сотқа берді» деген постымнан (23 сәуір) кейін блокталды. Бұл постымда қазақстандық кәсіпкер әрі Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті Г.Гаджиевті Киевке қоныстанған оппозиция белсендісі Айдос Садықовты өлтіруге тапсырыс беруші ретінде көрсетіп жүздеген мақаланы (подкаст) таратқанын негізге алып, дәлелсіз материал жариялаған «Бәсе» ютуб арнасының қожайыны Наталья Садықова мен «Respublika» сайтының басшысы Ирина Петрушованы Еуропадағы соттарда оңбай жеңілетіні жөнінде болжам жасағам. Осы болжам Қазақстандағы саяси һәм бизнес элита ішіндегі өзара тартысты, өзара бақай есеп айырысуды «Бәсе» мен «Respublikaның» «монетизациясына» (пайдасына) айналдырып алған псевдооппозицияшыл журналистердің – Н.Садықова мен И.Петрушованың шымбайына қатты батса керек...
-Танымал кәсіпкер Гаджи Гаджиевке ақпараттық шабуыл жасап жүргендер кім және көздеген мақсаттары не деп ойлайсыз?
-Қазақстандық көп кәсіпкердің бірі Гаджи Гаджиевке қарсы бес жылға созылған ақпараттық шабуылдың себебін Еуропадағы TerNoir консалтинг агенттігінің кеңесшісі әрі танымал француз журналисі Эрик Базен (Eric Bazin) де зерттеген ғой. Базеннің айтуынша, кәсіпкер Г.Гаджиев халықараға танымал екі әйел журналистің ақпараттық қуғындау кампаниясының құрбаны болды («который стал жертвой кампании преследований со стороны двух международно известных журналисток»). Сондай-ақ Н.Садықова («Бәсе») мен И.Петрушова («Respublika») «Гаджиевті жүйелі түрде қаралап, сол арқылы Мәскеудің пайдасы үшін Қазақстан мен Украина арасына іріткі салып жатқанын жазды: «Систематически очерняя успех Гаджиева, две журналистки сеют раздор в отношениях между Казахстаном и Украиной к большой выгоде Москвы!».
-Марқұм Айдос Садықов астарлы геосаяси ойындардың құрбаны болды деген болжам бар. Бұған қатысты не айтар едіңіз?
-Киевте өлтірілген Айдос Садықовтың астарлы геосаяси ойындардың құрбаны болғанын, Қазақстанның жоғарғы билігінің бұл өлімге қатысы жоғын және «подставить» еткенін украиналық журналист Виталий Портников «Бәсе» эфирінде Наталья Сергеевнаның өзіне баяғыда айтқан. Бірақ Наталья Садықова сыни тұрғыдан ойланып, шынайы анализ жасауға ниет танытпады, шытынаған күйтабақша бұрынғы дәлелсіз нарративінде қалып қойды. Г.Гаджиев ар-намысы мен іскерлік беделін қорғау үшін Украина сотына арыз берген тұста Садықова айлаға көшіп, түрлі құқық қорғау ұйымдарының мәлімдемесіне жанынан сөз қосып өзінің нарративін тықпалауды бастады, солар арқылы Украина сотына қысым жасағысы келеді.
-Марқұм Садықовтың әйелі сіздің де үніңізді өшіргісі келетін сияқты ма, қалай? Әлеуметтік желідегі парақшаңыздың бұғатталуы осымен байланысты емес пе?
-Садықоваға салсаң, соның сөзі ғана шын, соның аргументі ғана жүйелі сияқты. Тағы да қоғамдық пікірде өзге ой айтылмас үшін халықаралық сөз бостандығын қорғайтын ұйымдар арқылы менің де әлеуметтік желідегі үнімді өшіргісі келетін сияқты ма, қалай өзі... Мұндай күдік айтуымның себебі бар: осы жылдың басында өзін оппозиция санайтын бірнеше қазақстандық журналист-блогердің Facebookтегі парақшасы бұғатталған. Олардың парақшаларын ашып беруге И.Петрушова мен Н.Садықова атсалысқан. Бұл екі әйел Еуропадағы сөз бостандығын дамыту ұйымдарының іш-бауырына кіріп, өздерінің нарративін қолдамайтын, балама пікір жазатын журналистерге кедергі келтірумен де шұғылданады деген мәлімет бар. Сондықтан Айдос Садықовтың өліміне қатысты ақиқатты анықтауға тырысқан маған да қысастық жасап отыр ма деп күдіктенем...
-Ендігі жерде бағытыңыз қалай болмақ? Зерттеуіңізді шетке ысырып, "оппозицияшыл" топтың тегеурініне қарсылықты тоқтатасыз ба?
Дегенмен, олар «таяқтың екі ұшы барын» ұмытпағаны жөн-ау. Мен қазір осы бағыт бойынша зерттеуді бастадым. «Бәсе» мен «Respublika» материалдарының қандай «теріден тігілгенін», Н.Садықова мен И.Петрушованың Еуропада жатып алып алыстағы Қазақстанда қалай «шабашка» жасап жатқанын әшкере қылам. Мұның бәрін жаңадан ашылған Orazymbet Ospanuly атымен ашылған жаңа парақшада жариялайтын боламын.
Сұхбаттасқан: Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.