Белгілі мәдениеттанушы Сая Қасымбек "қатын" сөзіне қолданысқа енгізу керек деп жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Ханым" - беріде шыққан сөз. Аталарымыз "Қатын" сөзін қолданған. Қатын - Отана, ошақтың киесі ретінде қолданылған қасиетті сөз! Қазіргі қатындар "Қатын" десе кемсіткендей намыстанып жатады.
Егер, шын мәніндегі қасиетін білсе, қуанар еді. Ресми түрде "Сая қатын" десе, жойпат қой?! Осының бәрі көне сөзден алыстап, "кірме сөзге" құлақ үйренгеннің кесірі ғой. Маған "Сая қатын" десе, қуанар ем.
Демек, "Отана Сая" дедіңіз. Сондықтан қатындар, босқа ренжігенше, керісінше - "Қатын" сөзін қолданысқа енгізейік. бірте-бірте атасөзіміз қолданысқа еніп кетсін" деп жазды Сая Қасымбек.
Мәдениеттанушының бұл жазбасына қатысты төмендегідей түрлі пікірлер жазуда:
"Бұл өте батыл қадам Сая қатын! Мәңгүрттенген ұлттық санамызды тазалау бұл!"
"Осы Ұлы сөздің өшіп бара жатқанына жүрегім ауырып жүруші еді. Қатын сөзі - қазақтың ең қымбат сөздерінің бірі! Мәселен, ұзақтан келгенде жарыңды: "Қатыным менің!" деп, кеудеңе қысқанда, бұл сөзден артық шын сағынышыңды жеткізе алатын қазақта сөз жоқ! Болса, қане, айтсыншы біреу".
"Сая, тарих дегеніміз ғасырлар ғой. Ол ғасырларда не боп, не кетпеген. Ал қатын қазақ үшін тым қасиетті сөз қалпында сақталып қалған болса, онда қазақ оны қарғыс тілімен айтпас еді.
Мен әбестік сөз сөйлемеймін, сондықтан мысал ретінде айтатындықтан алдын-ала кешірім сұраймын. Мысалы, Сая албасты қатын десе, сондай сүйкімді естіле ме. Ол беттен салып жібергенмен бірдей ғой.
Қара қатын, сұмырай қатын, топас қатын, безбүйрек қатын, көкайыл қатын, сұрамшақ қатын, жетесіз қатын, Құдай-ау соза берсең толып жатыр. Кімге осының бәрі қаншалықты ұнамды екенін білмеймін, беттен қақпай өсірген маған ауыр тиеді.
Мені ханым деп әлпештемей-ақ қойсын, азан шақырып қойған атыммен атаса жетеді. Қазақта афоризм боп кеткен сөз аз емес ғой. Падишалығынан түсіп қалған қатын да соның бірі шығар.
Оны сүйрелей берудің қажеті не. Өзіне ұнайтындар, содан азарт табатын болса, айта берсін, айтқысы келсе. Бұл күндері одан да зоры айтылады ғой. Тек қатын десең, қатып қалды (халық) біреу бетке ұрмаса жарар".
"Қатын деген статус қой. Оған екінің бірі ие бола алмайды".
"Профессор ұстазымыз баяғыда “әйел деген сөз - есектің мәжүні” деп күліп айтушы еді. Қатын деген хан ханша деген сөзден шыққан деп. Х әріпі арқылы сөздің этимологиясын өзгертіп жіберіп тұр ғой".
"Сая апай, өте дұрыс айтасыз. Сол "қатын" сөзі көне түркі тілінде "ханым", "бәйбішем" дегенді білдіреді".
"Қатындар қатын болып жүргеніне қуану керек"