"Этикасыздық эпидемиясын" жоюға қауқарсызбыз. Байқұс сияқты блогерлер осыны біледі. Сосын жақтаушыларымен бірігіп алып, айтқанымды істемеді деп қыз-қырқынды астыртын қанап жатыр. Қорлау мен кемсітуді қалыпты жағдай етіп көрсету оларға түк емес.
Қаржысын түгендесе, лауазымын сөз етсе болды, аядай аудиториясы іліп ала жөнеледі. Астарына үңілсең, өз қарақан басының қамын күйттеп жүр.
Олардың арсыз сөздері мен дөрекі пікірлері, жағымсыз анайы жазбалары жастар арасында теріс үлгі. Мұның қоғам дертіне айналып бара жатқаны да жасырын емес. Өкініштісі ащы өзекке түсіп кеткен мәселеге мән беріп жатқан ешкім жоқ.
Әйелдерге қарсы бағытталған мұндай оқиғаға ұшырап жүргендер көп. Қорғансыздың күйін кешкендерге басқа тұрмақ, жақын танысы да жақтаспайды.
Нәзік жандылар сондықтан цифрлық қудалау мен әлеужелідегі зорлық-зомбылықтың құрбаны. Бас пайдасы үшін қудалаудың соңы қаншама адамды лауазымынан айырды. Мұндай жәйттің жалпы сипат алып бара жатқанына қарамай енжарлық танытып келеміз. Бей-жай қарайтын жағдай болмаса да! Қаншама Асылзаттар көз жасын төгіп, арсыз, ашкөз, өшпенділікке толы ездердің жымысқы әрекеттерінің құрбаны болып жатыр. Тоқтам жоқ. Жабылып тоқтатпасақ талай Асылзаттың обалына қаламыз. Алдымен әріден бастасақ...
Байқұс ағамыздың Асылзатты әлеу желіде "тролить" етіп келе жатқанына көп болды. Нәзік жандының жасаған жұмыстары мен басқан ізі қарт-блогердің "қытығына" тиеді де тұрады.
Аңдығанда ойына түсетіні сол әйел бір емес, бірнеше рет айтқанын құп көрмеді. Асылзаттың алдында бір басшыны "қос бүйірінен" қысып жүріп, іс-сапарларын төлететін.
Айтқанын орындатып, кеңесші болып еді, тағдыр талайына екі-ақ ай бұйырыпты. Аз уақытта бұл лауазымын пайдаланып, біраз адамның үстінен бураша шөгіп, тізесімен езгілеп мойындатып тастады. Темірдей тәртіпті әкімнің құлағына бұл жетпей тұрсын ба? Өзі берген құрметті орынды өзі алып қойды. Қулығына құрық бойламайтын, жеке басынан басқаны ойламайтын ол экс- бастығының кіммен жақсы тұратынын біліп алды. Сұраншақтап жүріп, жылы жұмсақты жұмсаққа төселіп үйренген жамбасына тақ, өзіне атақ іздеп, Асылзаттың кеңсесіне келді.
Жұрт сияқты асып тасып бара жатқан көкірегі жоқ, келіншек оны орнынан атып тұрып, құрақ ұша қарсы алды. Дәл осы салаға диктатор болып үйренген Бәлеқор аға мүнысын қорықтыға балап, орындыққа маңғаздана отырды.
Қырым еті жоқ қаңғыбас ел гөрді, жер гөрді. Астыртын моральдық қысыммен онысының бар қаржысын алдыңғы басшыға төлетіп келіп еді. Ол ауысқалы сапары өзінің қалтасына салмақ болып тұр. И.О-ға сыр алдырмады.
Кейіннен сайланған келіншектің офисіне алғаш құттықтай келгенде соны ескертіп кетті. Сомадай басы әйелді "бопсалағаным" болмас демеді. Қатыннан қаржы сұрауға ұялмады да...
Қалтасын қаққанға келесі "жемтігін" тапқанға мәз болды. Қурайдай қатқан шалдың көңілі бұрын құзырлы органнан қолы мен ары таза болып өскен жанның "жоқ, бізде ондайға қаржы қаралмайды",- дегенінен кілт ете қалды.
Себебі әр саяхаттан "қақшып қалатын" қаржы қалтасына түспеді. Сырық шал қанап жүргенде өз қаржысын алып жүргендей сенімді еді. Қалтасына қара бақыр түспегенге әр кез бойын қара басады да тұрады.
"Сенің орның итқора! Көзіңе көк шыбын үймелетіп тұрып, қыңсылатамын әлі! Қарғыбаулы төбетше ұлытамын. Қара да тұр!" Терісі сүйегіне жабысқан жағын қарс-құрс шайнап, шайтан арбасын қатты тебініп қалып еді, себі шарт үзілді.
"Хммм, сайтан алғыр, қу қатын, сен менің кім екенімді білмейді екенсің. Міне жай маман болып жүріп білдей заң қабылдауға негіз болған тұлғамын! Осы саланың саясатын шеңгелдеп бүріп уысымда ұстап жүріп, миллиондарды шытырлатып тұрып санап алатын едім. Бұл нәйсаптің үлес қоспай қоятынын қайдан білейін. Ана найсаптың да босап кеткенін қарашы....
Содан бері осы оқиға ойына түссе, "қозып кетеді". Қозбай қайтсын, сызылған келіншекті басқалар сияқты сүліктей сорып отырамын",- деген сормаңдайы тасқа тиді. Байқұс елдің қаржысын өзінікіндей көрді. Жұртікі демеді.
Есеп бар екенін ойламады. Келіншекті "Маған қаржы бере қоймады",-деп жата жастана күстаналады. Соңына жайлап шам алып түсе бастады. Енді міне күні тағы түсіп тұр.
-Сен көкем-ау, әкімге айт мені көмекші етсін! Өлтіріп бара жатқаны қу мансап.
-Жоқ, мен олай істей алмаймын. Түсіністікпен қараңыз, Баке!
Содан бері пасық пайымын жүзеге асыру үшін арсыз жазба-айтағымен өзінің жеке басына табынушыларын жинап, "троллить" етеді де отырады. Өзегін өртеп жатқаны-бұл қанша "ұрса" да, Асылзат кейбір еркек-басшылар сияқты көкелеп алдына шауып келе қоймады. Жеке басына шүйліккен сайын-үнсіз қарсылығын тоқтатпады.
Арзан атақ, мәнсіз "хайп", жөнсіз сөздің иесі Байқұс блогер – өзінің өстіп жүргенін ерлікке балайды. Өзін "әділдік жолындағы күрескер" санайды. Ол үшін әйел затының білімді, кәсіби маман болуы – тосын жағдай.
Ал мінезі өр болса, тіптен өзеуреп кетеді. Оның санасында әйел өзінен асып түспеу керек. Оза шапқан қатын ішкі "қағидасына" қайшы. Бәлегер-блогердің "ашылған омырау, көтерілген етек, еркек ұстаған омырауды" салуының өзі қыз-келіншектерді төмен санаудың, олардың қоғамдық өмірге араласуына қарсы тұрудың айқын айғағы.. Анайы жазбалар мен жабайы суреттері арқылы қоғамның ащы ызасын туындатуды көксегендігін көрсетеді.
Асылзатқа бөскені өтпей бара жатқаны бойындағы өшпенділік отын өршіте түсті. Жағы талғанша оттап жүріп, ақыры түбіне жетіп тынды.
Сұрықсыз, сыпайылықтан ада сөздерін жанына серік еткен ол тағы да миығынан мырс-мырс күліп отыр....
Барлық оқиға ойдан құрастырылған. Көркем шығарма ұмыт қала бастаған памфлет жанрына негізделіп отыр.