Таяуда ғана таныал журналист Жанар Байсеміз сұхбат алған имам Ахмед Құрбанәлінің сөзі полицияның назарына ілікті. Екінші әйелін өз шәкіртіне бергенін мәлімдеген имам Ахмет Құрбаналиге Алматы полициясы айыппұл салды деп хабарлайды Democrat.kz.
Жанар Байсемізге берген сұхбатында имам бірінші әйелі қартайғандықтан, үшінші болып жас әйел алғанын айтқан. Ал екінші әйелі шәкіртімен жаңа некеге тұруға өзі келіскен көрінеді.
«Ол мұны өзі қалады. Сол кезде мен оған шәкірттерімнің арасынан біреуін таңда дедім. Ол таңдады. Оған некесін қиып, тойын жасап беремін дедім»,-деді имам сұхбатында.
Алматы полициясы тексеру жүргізіп, бұл азаматтың ресми дін өкілдерінің қатарына жатпайтынын анықтады.
«Сұхбат барысында ҚР заңнамасының талаптарына қайшы келетін (мәселен, әйелдерінің бірін шәкіртіне беру), сондай-ақ қоғамдық сана мен конфессияаралық келісімге кері әсерін тигізуі мүмкін мәселелерді қозғайтын мәлімдемелер жасалғаны анықталды. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы аталған мәлімдемелерге жол берген тұлғаға қатысты өз құзыреті шеңберінде шаралар қабылдады. Ол діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады», -деп түсіндірді полиция өкілдері HALYQSTAN тілшісіне.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, бұл бап бойынша жеке тұлғаларға салынатын айыппұл көлемі 25 АЕК-ті (108 125 теңге) құрайды.
Дәл осындай көлемдегі айыппұл журналистке де салынды.
«Мәлімдемелердің мазмұнына оның авторы жауапты болғанымен, құқық бұзушылық белгілері бар материалдарды тарату да заңнама аясына кіреді. Жарияланым авторы да ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қоғамдық тұрақтылық пен конфессияаралық келісімге нұқсан келтіруі мүмкін контентті жариялауға және таратуға жол берілмейді», -деп толықтырды ведомстводан.
Еске сала кетейік, Қазақстанда көпәйелділікке тыйым салынған. Ал ҚМДБ бұйрығына сәйкес, мешітте неке қию үшін АХАТ (ЗАГС) бөлімінде тіркелген неке туралы куәлікті ұсыну міндетті.