Аймағамбетов TikTok-тан түспейтін педагогтарды сынап тастады

Аймағамбетов TikTok-тан түспейтін педагогтарды сынап тастады

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде тым белсенділік танытып, TikTok-та билеп жүрген педагогтар туралы пікір білдірді.

Депутаттың сөзінше, білім саласындағы қызметкерлер салмақтылық танытып, беделін сақтағаны абзал.

«Мен осы мәселені әріптестеріме айтқанда, олар: «Сенің ойың заманауи емес. Сен өзің жап-жассың, неге осындай нәрселерді айтасың?» – деген еді. Мүмкін, бұл консервативті көзқарас болуы мүмкін. Әрине, қазіргі уақыт – TikTok-тың, Instagram-ның, Netflix-тің заманы. Оны түсінеміз, бірақ бізде құндылықтар деген бар, мұғалімнің бейнесі деген бар, директордың өзінің бейнесі бар», – деді депутат.

 

Асхат Аймағамбетов мектеп директорлары мен ұстаздардың балаларға жақын боламын деп, артық кетіп жататынын айтты. Оның сөзінше, ең алдымен педагогтар жұмысын көрсете білуі керек.

 

«Балаларға жақын болу өте маңызды. Мен өзім қазіргі уақытта ұстаздық қызмет атқарып жүрмін. Өзіміз оқушы кезімізде мұғалімдерді ерекше құрметтеп, тіпті дем ала алмай, тапжылмай отыратын сәттеріміз болды. Бәрі бірдей болған жоқ. Сондықтан ұстаздың бейнесі өте маңызды, имиджі өте маңызды, беделі өте маңызды. Оны күнделікті күлкіге, әзілге айналдыруға болмайды. Рилстің аты рилс, жұмысты көрсету керек, балалармен жақын қарым-қатынас болуы керек. Бірақ балалармен анекдот айтып, түрлі трендтен қалмаймын деп жүргені сұрақ туғызады. Әр нәрсенің реті болуы керек. Сол себепті бұл бағытта министрліктің өзіндік бір ұстанымы болуы керек», – деді Асхат Аймағамбетов.

Еске салсақ, кейінгі кезде TikTok, Instagram сияқты желілерде оқушылармен жиі көрініп, би билеп жүрген педагогтар жиі көріне бастаған.

Барлық жаңалықтар