Айыппұл арқалаған Ахмет Құрбанәлі туралы жұрт білмейтін сұмдықтар жарияға шықты

Айыппұл арқалаған Ахмет Құрбанәлі туралы жұрт білмейтін сұмдықтар жарияға шықты
Танымал журналист Жанар Байсемізге сұхбат беріп, сол жерде "шәкіртіме екінші әйелімді бере салдым" дегені үшін айыппұл арқалап, жазаланған ишан, пір Ахмед Құрбанәлі туралы журналист Ораз Әлімбек жұрт білмейтін жайттарды жариялады деп жазады Democrat.kz.
 
Ишан, имам, пір Ахмет Құрбанәліге айыппұл салынған сәтте қоғам мен діндарлардың пікірі екіге жарылған еді. Бір тарап "имамдар, діндарлар осындай" десе, діншіл қауым "бұл имам емес, бізден емес" деп бет бақтырмауда. 
 
Осы мәселеге қатысты журналист Ораз Әлімбек Ахмет Құрбанәлі туралы: "Бұ қазақ пірін неге танымайды?
Әлемжеліні қарап отырсам, ауыздан авария болып айыппұл арқалаған Құрбанәлі пірді біреу «имам» десе, енді біреу «мүфти» деп шатасып жатыр екен.
 
Құрбанәлі Ахмет – Орта Азияға жаппай тараған нақышпанды тариқатының Қазақстан жазирасындағы пірі. Оның мыңсан мүриді бірауыздан солай дейді, бірақ мен Құрбанәліге силсила бойынша берілген шатырхатты көргем жоқ.
 
Өзім либерал-демократ болған соң жұрттың наным-сеніміне селкеу түсірмейін деген оймен Құрабанәліні де, Исматулланы да, Ихсануллаһты да пір деп айта берем ғой.
 
Құрбанәлі пірге қол бергендердің басым бөлігі қазақтар. Пір мүридтерінің қатарында белгілі жазушы Құдияр Біләл бар. Жаңылыспасам, кезінде белсенді саясатта жолы болмаған Сырым Әбдірахманов та рухани тірек іздеп Құрбанәлі пірге қол берді-ау, сірә...
 
Бұдан оншақты жыл бұрынғы зерттеуімде ҚМДБ жүйесіндегі имамдардың 70 пайызы нақышпанды тариқатының өкілі екенін жазғам. Қазір қанша имам нақышпанды жолында жүргенін білмеймін.
 
Өзбекстан елі бейресми нақышпанды сопылық тариқатын ұстанады ғой. Қазақстан мұсылмандарының бас мүфтиі Наурызбай Өтпенов те Кәттақорғанда туып-өскен. Оның бас мүфти болып белі бекіген соң «Ихсан – тәрбие негізі» атты кітап жазғанынына қарағанда Наурызбай да сопылықтың осы тариқатына бүйрегі бұратын сияқты. Оның Құрбанәлі пірге қол берген-бермегені белгісіз, бірақ оның сұлбасы сол айналада көрініп қалғаны бар... Менікі болжам ғой – анығын Дін істері комитеті біледі.
 
Атақты Әмір Темірдің рухани ұстаз тұтқан пірлері де нақышпанды тариқатынан болды. Арыстанбаб пен Ахмет Ясауиге кесене тұрғызған меценат Әмір Темір екенін білеміз.
 
Оған осы алып құрылысты салуды өтінген оның пірлері еді. Яғни, Ахмет Ясауи де нақышпанды тарихатының өкілі болды, ол көзінің тірісінде өз алдына тариқат құрған жоқ деп айтуға негіз бар.
 
 Дегенмен, 1990-жылдардың ортасында Ауғанстаннан келген Исматулла Әбдіғапар өзін Ясауи тарихатының пірімін деп жариялады. Исматулла пірді де Мекемтас Мырзахметов, Дидахмет Әшімхан, Саят Ыбраев, Светқали Нұржанов сияқты зиялы қауым өкілдері қолдаған... Исматулла да, оның мың сан мүриді де нақышпанды тариқатына өлердей өш болды, оларды «сасық нақышпандылар...» деп тілдейтін. Мүфтияттың исматуллашыларға өштесуіне де осы себеп болды-ау, сірә...
 
Дегенмен, бір екі-жыл бұрын дінтанушы Досай Кенжетай мен Мұхан Исахан Ауғанстаннан Ясауи тарихатының силсиласы үзілмеген пірін – Ихсануллаһ Ахрар есімді түркіменді алып келді.
 
Шынында да оның пір екенін дәйектейтін шатырхаты бар екен. Сөйтіп Исматтула пір «самозванец» болып қалды ғой...
 
Мен шіли сопылар әлемінің тұңғиығына тереңдеп кеткен сияқтымын... Не айтайын деп едім өзі?!. Ә, енді есіме түсті - «пір мен имамды ажырата біліңдер» дегім келген екен ғой..", деп жазды. 
Барлық жаңалықтар