"Әжетханаға етеккір жинағын қояр едім" дейді танымал саяхатшы

"Әжетханаға етеккір жинағын қояр едім" дейді танымал саяхатшы

Танымал саяхатшы Өркен Кенжебек шетелде жүргенде көрген ерекше бір жағдай туралы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

"Бұл фотоны Нидерландының Роттердам қаласында түскі ас ішкен кофехананың әжетханасында түсіргенмін. Егер клиенттер арасында етеккірі келіп қалған әйелдер болса деп дискі, тампонды толтырып қойған.

Тегін, әрине. «Лажы болса бір-бірден алсаңыз» деген сыпайы өтініші бар тағы. Мұның алдында осындай адамгершілік үлгісін Швециядан байқаған едім.

Айтайын дегенім, егер мен ертең кофехана ашып жатсам, әжетханада міндетті түрде осындай етеккір жинағын қояр едім. Себебі, инклюзивті дейміз бе, қоғамдағы әр адамның қамын ойлау ғой бұл..

Бізде айлығы шайлығына жетпейтін кедей отбасылар көп. Оларда қаншама қыз өсіп келеді. Біреуден естіген әңгіме ғой: бойжетіп қалған қызым ақша сұрай берді дейді. «Әй, ақша жоқ. Не үшін керек саған ол?» деп бермеген.

Ертеңіне тағы сұраған. Ақша жоқ әкесінде, бермеген. Содан қызы ашынып кетіп «Менде етеккір. Тампон керек» деп жылап жіберген. Сондықтан, мұндай жинақ әр шай ішер, аяқ босатар жерде қолжетімді тұрса, шіркін деп ойлағаным ғой. Дұрыс па? 

Бірақ, ұрлап кетпесе болғаны. Әйтпесе, біздің Tary кофеханаларының намаз оқитын бөлмесіне қоятын аромизаторлардың өзін ұрлап кететіндер бар"деп жазды саяхатшы. 

Барлық жаңалықтар