Марқұм актер Асанәлі Әшімовтің қызы Сағина әкесі туралы тағы бір естеліктермен бөлісіп, көпшіліктің ықыласына бөленді деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желідегі парақшасында Сағина Әшімова әкесінің газеттерге шыққан суреттері мен сұхбаттарын ақтарып, қарап шыққанын айтады.
"Бүгін әкемнің артында қалған естеліктерді ақтарып отырып, көзімде мұң, жүрегімде сағыныш. Архивте сақталған газеттерді қайта қарадым.
«Экспресс К», «Жас Алаш», «Алматы ақшамы» беттеріндегі сол бір сәттер жүрекке сағыныш ұялатады.
Аңсап, естелік суреттерді ашып, өткен күндерді еске алып отырмын. Әкемнің ізі, оның өмір жолы осы парақтарда қалғандай сезіледі"деп жазған Сағина ескі газеттердің суреттерін бөлісті.
Жұрт атақты актердің қызының жазбасына сүйсініп, "қазақша қатесіз жазасың, үнемі жазып тұр", "асылдың сынығысың", "сендей қызы бар актердің шырағы сөнбес" деп баталарын беруде.


