Белгілі журналист Сәния Тойкен әлеуметтік желідегі парақшасында түрмеде жатқан Марат Жыланбаевтың қызы Анельдің видеосын жариялап, шұғыл көмек керек екенін хабарлады деп жазады Democrat.kz.
Журналистің айтуынша Марат Жыланбаевтың түрмедегі жағдайы жақсы емес.
"4 қаңтарда наразылық шарасы ретінде аштық жариялаған танымал марафоншы Марат Жыланбаевты ең қатаң жаза камерасына "СУС"- ке ауыстырған.
Бұл туралы колония басшысы Жыланбаевтың отбасына хабарлапты. Мараттың туыстарының айтуынша, олар 25 ақпанда Маратпен ұзақ мерзімді кездесуге дайындалып отырған.
Жылына 1-2 рет қана берілетін кездесудің алдында колония басшысы әлгіндей хабарды айтып, кездесудің болмайтынын айтқан. Мараттың туыстары оның жағдайынан, денсаулығынан хабарсыз қалып отыр. Ал қаңтар айынан бері Жыланбаевқа тіпті адвокатын да кіргізбей қойған.
"Өзі ресми өтініш білдіруі керек" деген себеппен адвокатын кіргізбей қойған, алайда Марат бірнеше рет ол өтінішті жазған.
Соңғы рет жақындарымен 5 ақпанда кездескен Марат сол кезде өзіне жасалып жатқан қысымның күрт артқанын, мекеменің жаңа басшысы Қуаныш Медвеевтің өзі "сені СУС-қа жібертіп, мерзіміңді көбейттірем" деген көрінеді" деп жазған Сәния Тойкен парақшасында Марат Жыланбаевтың қызы Анельдің видео үндеуін жариялады.
Видеода Марат Жыланбаевтың қызы әкесінің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, көмек сұрап, дабыл қаққан.
Видеоны мына сілтемеге өтіп, көре аласыздар.