Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы отбасылық бір ұстанымдары туралы ойымен бөлісіп, әлі күнге дейін сырға тақпайтынын жеткізді. Айтуынша, бұл – әкесінің арнайы шешімі мен ұстанымы деп жазады Democrat.kz.
Өнер иесінің қызы бала күнінде әкесі бұл шешімнің астарын түсіндіріп бергенін айтады. Қазақы дәстүрге берік отбасы қыз баланың құлағын тек ұзатылар сәтте, құдалар «сырға салу» салтын жасағанда гана тесуді жөн көрген.
«Байқасаңыздар, менің құлағым әлі тесілмеген. Кішкентай кезімде папам келіп, бұның себебін түсіндірген еді. Қазақта "сырға салу" деген өте әдемі дәстүр бар ғой. Бұрындары құдалар келіп, қызды кішкентайынан атастырып, құлағына сырға тағып кететін болған. Ал қазір бұл салт заманауи түрде жалғасып келеді: құдалықта қыздың құлағын тесіп, өз сырғасын тағады», – дейді ол.
Бойжеткен бұл сәтті өзі де ерекше толқыныспен күтіп жүргенін жасырмады.
«Өзіме де өте қызық болып тұр, өйткені өмірімде алғаш рет дәл сол күні сырға тағамын! Әрине, басында медициналық сырға салынғанымен, кейін оны ауыстыруға болады. Құдалар жағы әдемі сырға алып келеді деп үміттенемін», – деп ағынан жарылды ол.