Түркістан облысы, Шардара ауданы, Қоссейіт ауылында болған сұмдық оқиғаға қатысты ауыл адамдары сұхбат берді деп жазады Democrat.kz.
Qaz365.kz. арнасының әлеуметтік желіде таратқан видеосында "әкесін сабап өлтірген" Алмас Садақбаев туралы ауылдастары өз ойларын ортаға салған.
Ауыл мешітінің имамы: "Алмас біраз уақыт бұрын мешітке келіп, мешіттің жанында тұрған бос үйде тұруға рұқсат сұраған. Пәтерге төлейтін ақшасының жоғын айтқан оған мешіттің қасындағы шырақшының бос үйін бердік.
Биыл көктемде үй алып, шырақшының үйінен шығып кеткен болатын.
Алмастың әкесі өткен сәрсенбі, үшінші қыркүйек күні қайтыс болған екен. Төртінші қыркүйекте жаназасын жасап, шығарып салдық.
Ал бүкіл интернетке әлгі видео кейін тараған. Алдын-ала білгенімізде..."деп өкініш білдірді.
Марқұм зейнеткердің екі ұлы, бір қызы бар. Сонымен қатар ол бел грыжасынан жүріп, тұра алмайтын мүгедек болған. Бұған дейін екінші ұлының үйінде тұрған екен.
Алмастың көршісі: "Үнемі боқтап, айғайлап жатқан дауыстары шығатын. Әйеліне айғайлап жатыр деп ойлайтынбыз.
Арамыздағы дуалдан кімге айғайлап жатқанын білмейтінбіз. Кейін естідік, үйлерінде мүгедек шал барын. Соған айғайлайтынын, ұратынын.
Сол кезде бір рет әкесін сабағаны туралы бір видеосын әкімдікке тапсырған еді жұрт. Әкімдіктегілер келіп, ескерту жасаған. Атаға тек Алмастың өзі ғана емес, әйелі де айғайлайтын" дейді.