Әлеуметтік желіде Қалдықыз Жаппарқызы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға үшбу сәлем жолдады деп жазады Democrat.kz.
"Ештен кеш жақсы дегендей, бүгін жылы лебізге толы құттықтау хатымды арнағым келіп отыр.
Келестің киелі топырағында аунап, бірге өскен, артымнан ерген інім Дархан Сатыбалды әкім болыпты деген жағымды жаңалықты интернет желісінен көрген үлкен келінім Ұлданай 24-ші мамыр күні маған жіберіп еді, әлі есімде.
Сол кезде мен ауыр хәлде жатқан болатынмын, сондықтан өзіңді үлкен қуанышыңда құттықтай алмадым. Міне, араға уақыт салып, бүгін өзіңді көріп, жылы лебізімді арнағым келді.
Балалықтың балғын шағында бірге ойнап, бірге қой қайырып, алаңсыз күн кешкен кездер әлі күнге дейін жүрегімде сайрап тұр. Сол бір кезеңде-ақ Дарханның өзгелерден оқ бойы озық тұрғаны анық еді.
Өзінен үлкенге құрметін, кішіден қайырымын аямайтын, ақыл-парасатымен де, ізгі жүрегімен де айналасына үлгі болған балғын күндері көз алдымда.
Дархан менен төрт жас кіші болса да, оның салмақты мінезі, терең ойы, әдемі болмысы әрдайым ерекше әсер қалдыратын. Біз тек ауылдас қана емес, түпкілікті ағайынбыз.
Сондықтан да өз топырағымыздан шыққан осындай азаматтың бүгін ел сенімін арқалап, Алматыдай алып шаһардың тізгінін ұстауы – біз үшін үлкен мақтаныш.
Өмір жолында талай белесті бағындырған бауырым, туған жердің абыройын асқақтатып, халыққа адал қызмет етіп жүргенің – біз үшін зор қуаныш.
Денсаулық жағдайыма байланысты сол сәтте қасыңнан табыла алмасам да, «ештен кеш жақсы» дегендей, бүгін жүрек түбінен шыққан осы ақ тілегімді жолдаймын.
Қадірлі Дархан бауырым!
Алматы қаласының әкімі ретіндегі жауапкершілігің зор, аманатың ауыр. Сол жолда халқыңа қалтқысыз қызмет етіп, елдің ықыласы мен батасына бөлене бер.
Алла күш-қуат, ұзақ ғұмыр берсін. Арманың асқақтап, еңбегің мәңгі ел есінде қалар азамат бол!
Құрметпен Жаппар бабаңның қызы, Қалдықыз әпкең!"деп жазды Алматы әкімінің досы.