Әкімнің қорлығына шыдамай, бірнеше адам өмірімен қоштасқан

Әкімнің қорлығына шыдамай, бірнеше адам өмірімен қоштасқан

Қарқаралының қайғысы тарқамады...Никанбай Омарханов туралы бірінші жазбамнан кейін Қарағанды жақтан көп адам жекеме шығып, кезінде айтылмаған біраз былықтың бетін ашты. Никанбай біраздың сорын қайнатқан шиқанбай екен...

Өткенде Ақтоғайда «лицей директорының орынбасары өзіне қол жұмсап, соңғы хатында «өліміме кінәлі – аудан әкімі Никанбай Омарханов» деп жазып кеткенін айттық.

Сөйтсек, Н.Омарханов Нұра және Қарқаралыда әкім болып тұрған кезінде де бірнеше азамат түрлі қысым мен қорлыққа шыдай алмай мынау жарық дүниемен қош айтысыпты.

Жұрттың айтуынша, Қарқаралыда Бейбіт Ләмбековтың түбіне жеткен де Никанбай Омарханов екен. Бірақ, сол кезде Қарағандыны ағайынды Нигматулиндердің «тіреп-сұрап» тұрды да , ол жалған айтып жазадан құтылып кетіпті...

Қылмыстың мерзімі болмау керек, мұндай сұмдықты жылы жауып қоюға болмайды. Осы оқиғаның бәрі жедел тексеріп, адам өліміне қатысты барлық жайтқа құқықтық баға берілуі тиіс. 

Бұдан басқа Н.Омарханов Қарқаралыда әкім болған шағында 1000 гектар жерді жақындарына бөліп беріпті, сол жер әлі күнге дейін игерілмей жатыр. Сол сияқты Матақ ауылына қарасты ауқымды жерді де ағайын-тумасымен бірігіп, талан-таражға салған. Сол жерді «Жер аманаты» бағдарламасы аясында мемлекет меншігіне неге қайтармасқа?!. Депутат Бакытжан Базарбек , осы мәселеге назар аударсаңыз, игі іс болар еді.

Жең ұшымен байласқан сыбайластық, рушылдық, өктемдік... осндай жаман әдеттің «озық үлгісін» көрсеткен Омарханов Қарқаралы әкімдігіне бірталай туысын жұмысқа алыпты. Олар әлі күнге дейін сонда лауазымды мемлекеттік қызмет атқарып, Никанбайдың «шкафтағы скелеттерін» жасырып отыр.

Нұра ауданында Омархановқа дейін Құдайберген Бексұлтанов әкім болған. Ол туралы жергілікті халық «ауданды көркейткен парасатты басшы, іскер азамат, адамгершілігі мол» деп айтады. Сондықтан ол халық қалауыменқазір парламентте депутат болып отыр.

Ал одан кейін осы қызметке келген Никанбай Омарханов қазір ешкім емес. Оны туған елі жек көреді екен. Соған қарамай Омарханов Қарағанды облыстық қоғамдық кеңес құрамында мемлекеттік органдардың ашықтығын, әділдігін өзінше «жіті қадағалап отыр».

Жай отырған жоқ, суырылып шыққан азаматтарды әлеуметтік желіде сынап-мінеп, аяқтан шалып отыр. Бұл оның «өзі бола алмаған, болғанды көре алмаған» іштарлығы ма, әлде оның артында аймаққа қайта ықпал жүргізгісі келетін бір дәу тұр ма?

Ораз ӘЛІМБЕК, журналист.

Барлық жаңалықтар