Актриса, продюсер, режиссер, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының және «Тарлан» сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина жеке өміріне қатысты көпшілік біле бермейтін сырын бөлісті деп жазады Democrat.kz.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы отбасына қатысты орынсыз сұрақ қоятын адамдарға ренішін білдірді. Оның айтуынша, кейбір жандар еш қысылмастан «неге бір баладан артық тумадың?» деп сұрайды.
«Маған неге бір баладан артық тумадың деп сұрақ қоятындарды қандай адам деп айтсам екен? Оны надандық дейміз бе, білімсіздік дейміз бе, одан да жоғары не деп айтуға болатынын білмеймін. Құдай солай берді, оған қарсы келе аламыз ба? Ұлымыз өсіп келе жатыр, соған шүкіршілік етеміз. Маған жақын адамдар жеке сұрақ қоймайды, бірақ алыстау адамдар мен туралы бәрін білгісі келеді», — деді актриса.
Сонымен қатар Назгүл Қарабалина алғашқы күйеуі, белгілі актер Азамат Сатыбалдыға өзі алғаш ғашық болғанын ашық айтты. Оның сөзінше, академияда оқып жүрген кезде Азамат оған бірден көңіл бөлмеген.
«Шыны керек, академияда оқып жүргенде Азамат мені онша ұнатқан емес. Азаматқа алғаш ғашық болған мен болатынмын. Жасыратын ештеңесі жоқ. Азаматтың маған көңілі ауса екен, көрсе екен, байқаса екен деген сәттер болды», — деді ол.
Актриса сол кездері Азаматқа арнап арнайы альбом жасағанын да жасырмады. Онда ол Алладан екеуінің қосылуын тілеп, болашақта оның ата-анасына қамқор болуға дайын екенін жазған.
«Азамат ол кезде басқа қызды ұнатып жүретін. Мен альбомыма: “О, Алла Тағала! Егер Азамат маған назар аударса, біз екеуіміз үйленсек, оның зейнеткер ата-анасына қарайтын едім. Оның көпбалалы жанұядан екенін білемін. Тоғыз ағайынымен жақсы қарым-қатынаста боламын. Маған тек қана екеуіміздің қосылуымызды нәсіп етші” деп жазатынмын», — деді Назгүл Қарабалина.
Өнер иесінің айтуынша, бір күні Азамат сол жазбаларды оқып қойған. Осыдан кейін оның Назгүлге деген көзқарасы өзгерген болуы мүмкін.
«Соны бір күні Азамат оқып қойыпты. Содан кейін ойланған болу керек. Ондай адам керек қой. Ол тек есеппен үйленді. Менің сезімім шынайы болды. Басында есеппен үйленді, қазір енді жақсы көреді», — деді актриса.
Назгүл Қарабалина жұбайының махаббатынан бөлек, қайын атасы мен енесінің мейірімін ерекше бағалайтынын айтты. Оның сөзінше, қайын атасы өткен жылы 90 жасқа келіп, өмірден өткен.
«Азаматтың сезімінен ең қымбаты — менің атамның мені жақсы көргені. Қайын атам былтыр 90 жасқа келіп, өмірден өтті. Пешенеме сондай адамға келін болуды жазғанына шүкіршілік айтамын. Ол абыз адам еді. Азаматтың сүйіспеншілігінен де қымбаты — атамның, қазір қолымда отырған енемнің сүйіспеншілігі», — деді Назгүл Қарабалина.
Актрисаның бұл әңгімесі желі қолданушыларын бейжай қалдырмады. Бірі оның шынайылығына сүйсінсе, енді бірі әйел адамның жеке өмірі мен ана болуына қатысты сұрақ қою әдепке жатпайтынын жазып жатыр.