Актриса Жұлдыздың мына әрекеті жұртты адастыру емес пе?

Актриса Жұлдыздың мына әрекеті жұртты адастыру емес пе?

Жұлдыз Әбдукәрімова – актриса, блогер, енді міне, «өз-өзіне жұмыс беруші» ретінде де танылып отыр. Ол жуырда алғаш рет ресми түрде декретке шыққанын айтып, «қағазбастылық көп, бірақ бәрі заң аясында» деп жұртты сендіргісі келді деп жазады Democrat.kz.

 Алайда, оның өз жазбасындағы бір сөйлем әлеуметтік желі қолданушыларын ойландырып қойды:

«Алдымен өзіңді жұмысқа тіркейсің, содан кейін өзіңе ай сайынғы жалақыны өтейсің...»

Бұл енді таза комедия ма, әлде драма ма? Соңғы айларда дәл осы "өзіңді жұмысқа тіркеп, өзіңе жалақы төлеп", бірнеше ай ішінде миллиондаған декреттік төлем алған әйелдердің схемасы елді дүр сілкіндірген болатын. Еңбек министрлігі арнайы тексеріс бастап, ондаған жалған кәсіпорындар мен жүздеген өтірік «жұмыс істеген» әйелдердің ісін қарап жатыр.

Ал Жұлдыз бұл процесті ашық айтып, тіпті мақтанып жазып отыр. Бұл шындық па, аңғалдық па, әлде жүйені айналып өтудің заңдастырылған түрі ме?

Мемлекеттен әлеуметтік төлем алу үшін адамның расымен де ресми жұмыс істеп, салық төлеп жүргені маңызды. Бірақ соңғы уақытта бұл жүйе "өз-өзіңе бастық бол да, декретке миллионмен шық" деген ұранға айналып бара жатқан сияқты. Ал бұл кезде нағыз жұмыс істеп жүрген аналар, кәсіпкерлер мен мұғалімдер бір айлық жалақысына ғана қарап, декретте күн көруге мәжбүр.

Актрисаның бұл әрекеті – жалғыз оқиға емес, елдегі әлеуметтік жүйенің осалдығын көрсететін тағы бір мысал. Қарапайым адам «осылай жасауға бола ма?» десе, «болмайды» дейді. Ал танымал адам «мен де сөйттім» десе, жұрт ойлана бастайды.

Егер танымал адамдар заңды айналып өту схемасын ашық айтып, бұған мақтанышпен қарай бастаса, онда бұл — жүйенің күйреуі емес пе? Декрет — аналарды қорғау құралы ма, әлде оңай олжа табатын бизнес пе?

«Өзіңді жұмысқа тіркеп, өзіңе жалақы төлейтін» заманда біз қандай ел болып барамыз?

Барлық жаңалықтар