Белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев Алматыдағы адам өліміне әкелген жол апатына қатысты пікір білдіріп, оны кездейсоқ оқиға емес, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жүйелік проблеманың салдары деп атады, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Сарапшының айтуынша, Әл-Фараби даңғылы бойындағы заңсыз жарыстар бұрыннан белгілі құбылыс. Оның пікірінше, мұндай әрекеттерге көбіне ауқатты топ өкілдері барып, өз «ерліктерін» әлеуметтік желілерде ашық жариялап отырған.
Талғат Қалиев бұл жағдайға құқық қорғау органдарының жеткілікті деңгейде назар аудармауы ықпал еткенін атап өтті. Оның айтуынша, Алматыда «қол сұғылмайтын» адамдар тобы қалыптасып, полиция олардың әрекеттеріне көз жұма қарауға үйренген.
Сарапшы сондай-ақ қаладағы құқық қорғау жүйесінде кадрлық саясаттың да ұзақ уақыт бойы сыртқы ықпалға тәуелді болғанын алға тартты. Бұл, оның пікірінше, полиция жүйесінде кәсібилік пен принципшілдіктің әлсіреуіне әкелген.
Сонымен қатар, ол әлеуметтік желілерде полициядағы сыбайлас жемқорлық туралы жиі айтылатынын, алайда мұндай айыптауларға қатысты ашық әрі нақты тергеулердің болмағанын сынға алды.
"Күдікті кәсіпкерлік талантымен ерекшеленбейді. Оның байлығы марқұм, корей диаспорасының бұрынғы басшысы Владимир Ниге байланысты екені айтылып жүр. Өз ортасында Ваке деген атпен белгілі ол тұлға кезінде Нұрсұлтан Назарбаев жанында ұзақ жылдар қызмет атқарып, кейін шаруашылық басқармасын басқарған. Сондай-ақ «Қазақмыс» компаниясын жекешелендіру үдерісіне ықпал етіп, өз адамдарының мүддесін ілгерілеткені айтылады", - деді сарапшы.
Бұған қоса, Рахат Әлиевтің атышулы жазбаларында оның Ішкі істер министріне бағыныштыларын жол полициясы тоқтатқан жағдай үшін есеп бергені де белгілі.
Сарапшылардың пікірінше, бұрынғы кезеңде осындай ықпалды байланыстардың арқасында бүгінгі қайғылы жол апатына кінәлі адам жазадан сытылып кетуі де мүмкін еді.
Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдай – мемлекет үшін маңызды сынақ. Әсіресе, әділеттілік қағидатын басты құндылық ретінде жариялаған жаңа саяси бағыт аясында бұл іс қоғам назарында болуы тиіс.