Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдап, Alatau City жобасы, су ресурстары және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бойынша есеп тыңдады, деп жазады Democrat.kz. сайты Ertenmedia.kz.-ке сілтеме жасап.
Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысына Қытай Халық Республикасында өткен Alatau City Roadshow қорытындысы туралы баяндады. Халықаралық таныстырылым аясында 20 іс-шара мен бірқатар кездесу ұйымдастырылған.
Нәтижесінде жалпы сомасы 6,4 млрд АҚШ долларын құрайтын 30 келісім мен меморандумға қол қойылды.
Қытайдағы сапар барысында Алатау қаласының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Қанат Бозымбаев Шэньчжэнь қаласының мэрі Цинь Вэйчжунмен, Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Лимен және ірі халықаралық компаниялардың жетекшілерімен кездесті.
Президентке Мемлекет басшысының Алматы облысына жуырдағы сапары кезінде берген тапсырмаларын орындау бойынша әзірленген жұмыс жоспары да ұсынылды.
1,1 трлн теңгелік жаңғырту
Кездесуде су ресурстары саласындағы жобалардың іске асырылу барысы қаралды. Атап айтқанда, гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту, жаңа су қоймалары мен каналдар салу мәселелері баяндалды.
Сонымен қатар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының орындалуы талқыланды.
Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңартуға 1,1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл тәуелсіздік жылдарында осы салаға бағытталған ең ірі қаржы көлемі саналады.
Қаржыландыру отандық және халықаралық қаржы институттары арқылы қамтамасыз етіледі. Жоспар бойынша қабылданған шаралар үш жыл ішінде коммуналдық желілердің тозуын 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына отандық тауар өндірушілерді кеңінен тарту қажеттігін атап өтті.
Президент еліміздегі вегетация кезеңін, әсіресе оңтүстік облыстардағы жағдайды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту үшін орнықты модель қалыптастыру маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа қала әлемдік капитал тартуға және инновацияларды игеруге қолайлы ортаға айналуы тиіс.
Мемлекет басшысы Үкіметке Алатау қаласының инфрақұрылымын дамытуға қажетті қаржы бөлуді тапсырды.
Алатау жобасы Қазақстан үшін жаңа урбанистік және инвестициялық орталық қалыптастыруға бағытталған. Енді негізгі міндет қол қойылған келісімдерді нақты жобаларға айналдырып, инфрақұрылым, су, энергия және коммуналдық жүйелер бойынша шешімдерді уақытылы іске асыру болмақ.