"Алатауға ғашықпын": Алматының таулары - туристердің ең сүйікті мекені

"Алатауға ғашықпын": Алматының таулары - туристердің ең сүйікті мекені

Алматы тек Қазақстанның ғана емес, Орта Азияның сұлулыққа тұнған ғажайып қаласы екені даусыз. Бір ғана Алматыда адамның кең тыныстап, керемет демалуына арналған тұмса табиғи жерлері көп.

Аспанмен тілдескен Алатауы, қаланың қақ ортасынан сарқырай ағып жатқан бірнеше көлі мен қалың ағашы сыңсыған орманы Алматының кез келген туристі өзіне баурайтын ғажайып сиқыры деуге болады. 

Табиғаты мен мәдениеті үйлесім тапқан Алматы туризмнің жауһар көзіне айналып, шетелдік қонақтарды өзіне тартқан Қазақстанның жақұты іспеттес мекен. 

Қала аумағында эко саяхат ұйымдастыруға өте қолайлы Шымбұлақ, Oi-Qaragai, Медеу, Бутаковка, Көкжайлау, Іле-Алатауы, Аю Сай, Сұлу Сай секілді мекендер жаяу серуендеуге де, велосипед тебуге де, ал ең бастысы, атпен серуендеуге таптырмас жерлер.  

Сөздің реті келгенде айтып өтейік, Алматы әлемдік туристік бағыт ретінде The New York Times басылымының «Баруға лайық 52 орын» тізіміне енді, Wanderlust журналының TOP-24 туристік бағыт қатарына кірді, ал Шымбұлақ курорты мен Oi-Qaragai ТМД-да үздік деп танылып, туризмдегі инновациялары үшін марапатқа ие болды. Бұл Алматының туристік әлеуетін көрсетсе керек.

Биылдың өзінде таулы аймақта 1000 шақырымнан астам маршрут цифрландырылды, 750 шақырымнан астам жол көркейтілді, 13 кемпинг аймағы құрылды.

Алматының таулы шатқалында саф таза ауамен тыныстап, керемет рухани демалыс жасаудың өзіндік ерекшеліктерін бірнеше жылдан бері арнайы фото, видео түсіріп, оны халыққа жарнамалап жүрген блогерлер сан рет дәлелдеп көрсетті. 

Ішкі және сыртқа туризмнен молынан хабары бар блогер Бағлан Тұрарбекұлы табиғат аясында демалуды, түрлі жерлерге барып, жаңа дүниелерді көзбен көруді өте жақсы көретінін айтады. 

"Ең алғаш, экономикалық жағдайым қиындау кезде Алматы мен оның айналасы туралы видео түсіріп, әлеуметтік желіде кәдімгідей танылғаным бар. Алматыдан бір сағаттық жердегі Бутаковка аймағындағы сарқыраманың видеосын жүктеп салып, түсінгенім, алматылықтардың өзі дәл жанында тұрған ғажайып демалыс аймағы барын біле бермейді екенбіз. 

Шымбұлаққа бара жатқанда, оң жаққа бұрылсаңыз, жердің бетіндегі жәннатты көресіз. Таудан құлай аққан сарқырама, оның айналасы ну орман, ауасы тілмен жеткізіп айта алмайтын таза жер бар. 

Алматылықтар көбінесе Шымбұлақ, Медеудің айналасын тамашалап қайтады ғой. Ал олардан басқа бір ғана Алатаудың баурайында ертегілер әлеміндегідей ғажап жерлер өте көп. 

Білесіздер, Президент Тоқаев еліміздегі туризмді дамытуға арналған көптеген бағдарламаға қолдау білдіріп, арнайы тапсырма да берді.  Ал Алматыда тау туризмін дамыту бағытында таяуда Премьер министр Олжас Бектенов арнайы келіп, бірнеше жаңа жобалармен өзі танысып кетті. Меніңше, алдағы уақытта Алматының тауларын көру үшін жан жақтан ағылып туристер көптеп келе бастайды" дейді блогер Бағлан Тұрарбекұлы.

Алматыдағы IUTH Университеті, “Туризм” мектебінің аға оқытушысы Нұржан Әбдіразақов Алматы қаласындағы инфрақұрылымдарды дамыту, көлік-коммуникация қызметтерін жақсарту, сосын қала имиджін арттыру үшін жарнама, насихат жұмыстарын дамыта беру керек деп есептейді.

«Одан бөлек қонақүйлердегі қызмет көрсетуді жақсарта берген жөн. Бізде қазір жаман емес, жақсы. Әсіресе мейрамхана, қоғамдық тамақтандыру саласы жақсы дамып келе жатыр. Бірімен бірі жарысып, бәсекелестік пайда болған. «Бауырдақ» деген сияқты түрлі ұлттық фаст-фудтарымыз да шығып жатыр. Ұлттық калоритімізді көрсететін «Сандық», «Тары» деген сияқты тағы да басқа ұлттық мейрамханаларымыз шығып жатыр және бұл құптарлық іс. Осындай жұмыстар жасала бергені дұрыс болады», ‒ деді сарапшы.

Жылдан жылға Алматыны көруге арнайы келетін туристер саны биылдың өзінде  18 пайызға артқан. 

Азия мен Еуропаның тоғысқан жерінде орналасқан еліміздің көрікті шаһары географиялық орналасуының өзі Алматының туризмге халықаралық хаб болудың алғышарты іспеттес. Осы мақсатқа бағытталған Visit Almaty, Kazakh Tourism сияқты бағдарламалар жүзеге асып жатыр.

Айта кетейік, биыл Алматы CNN нұсқасы бойынша үздік туристік бағыттар тізіміне кіріп, Booking.com платформасы бойынша жылдың ең танымал қалаларының бірі атанған.

Алматының ең көрікті жерлеріне арнайы барып, түсірген фото, видеоларын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап жүрген келесі блогер Олжас Асқарұлы: 

"Жұрт жапырылып баратын Түркия, Таиланд, Вьетнам, Египет сияқты туристердің қайнаған қаласына айналдыруға әбден болады. Бір ғана Алатауымен кез келген кісіні баурап алатын Алматының тау шатқалдарында мысалы, "горельник" деген жердің барын білесіз бе? 

"Алма Арасан" шатқалына жақын орналасқан "горельниктің" ерекшелігі аспалы көпірі мен таудың ортасында кез келген уақытта түсуге болатын шипалы, жылы су бар. 

Мен тауға шыққанда өте қатты жақсы көремін. Алматыда жаяу серуендеуге арналған таудағы "Терренкур" менің ең сүйікті мекендерімнің бірі. Кез келген турист "Терренкурді" бір көрсе, міндетті түрде қайта айналып келеріне сенімдімін. 

Соңғы уақытта тауға шыққанымда үнемі байқаймын, шетелдік туристер өте көп жүреді. Мұның барлығы туристер мен қазақстандықтарға тауда демалудың барлық жағдайының қолайлы жасалғанынан деп білемін" дейді. 

Жалпы соңғы үш жылда Алматыда туризм қарқынды дамып, 91,8 пайызға артқан. Шетелдік туристер саны 4,2 есе, ал ішкі туристер саны 56,3 пайызға көбейіпті.

Осыған қарай, Алматының туризмінен түскен сома да үш есеге артқан екен. 2022 жылдан бері қалада 5972 нөмірлік қоры бар 43 қонақүйдің құрылысы жүріп жатыр, 26 туристік жоба жүзеге асуда, оның ішінде 7 жоба осы жылы аяқталады деп күтілуде. 

Бізбен сұхбатында Түркиялық саяхатшы Зафар Аджар бізбен сұхбатында Алматының тау туризмі туралы былай дейді:

"Әлбетте, қазақстандықтар үшін Түркияға барып демалу ұнайтын болар. Алайда әлемнің бірнеше елінде болған саяхатшы ретінде айтсам, Алатаудың бөктеріндегі рухани демалыстың кереметін басқа ешбір жерде сезінбедім. 

Жүзден астам жерге бардым. Әрине, әр елдің өзіндік әдеміліктері бар. 

Алайда Алматыға ең алғаш келгенімде, ұшақтың ішінен сыртқа көз салып отырып, мен Алатауға ғашық болдым. Иә, кәдімгідей ғашық болдым. 

Талай тарихи оқиғалардың үнсіз куәсі...Алатауды көргенімде осы сөздер ойыма келді. 

"Шымбұлақ", "Алма Арасан", "Қаскелең шатқалы", "Аю сай", "Ақсай шатқалы", "Бутаковка шатқалы"... Тау бөктеріндегі осынау сұлу жерлердің әрбіріне арнайы барып, өзіме керемет демалыс сыйладым. 

Алматының Алатау баурайында саяхатшыға барлық жағдай жасалған. Мұнтаздай тазалық. Жолдары өте сапалы жасалған. Осыдан да қазақ билігінің Алматы тау туризміне аса көңіл бөліп отырғанын байқауға болады. 

Мұнан бөлек, Алматы қаласында да кез келген турист үшін бүкіл қолайлы жағдай жасалған. Туристерге деген қала халқының көзқарасы ұнады". 

Біз тілдескен туристер мен отандық блогерлердің пікірлері бір арнада түйісті. Алматының Алтауы - Қазақстанның туризм нүктесіне айналары және әлемнің түкпір түкпірінен саяхатшыларды көптеп келтірері сөзсіз. 

Democrat.kz.

 

Барлық жаңалықтар