Алғабас ауылында бір отбасының 12 мүшесі қаза тапқан жантүршігерлік өрттің қалай тұтанғанын жақын маңдағы көршілерінің бірі баяндап берді, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Марқұмдардың көршісі Ханымай Жүгінісованың айтуынша, отбасы мүшелері түтінге уланып қайтыс болған болуы мүмкін.
«Олар уланып өлуі әбден мүмкін, әйтпесе аман қалар еді. Егіздер өрттен қаза тапты. Өте жақсы адамдар болатын. Қолымнан келгенше көмектесуге тырыстым, көршілерді оятып, шақырдым. Өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем келіп жетті, бірақ бәрі кеш болды. Әйелдің жан айқайы әлі құлағымнан кетпейді. Кеше ғана той жасады, ал бүгін олар бұл өмірде жоқ», – деді марқұм болған отбасының көршісі Ханымай Жүгінісова.
Көрші өрттің алғашқы сәттерін де сипаттап берді.
«Таңғы бесте үйден шыққанымда, сол үйдегі әйел терезеден көмек сұрап айғайлап жатты. Шамасы, сыртқа шыға алмаған. Сол кезде үй толықтай отқа оранған еді»
Бүгін билік өкілдері журналистердің алдына шыққанымен, өрттің нақты себебіне қатысты анық мәлімет бере алмады. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зулфухар Жолдасов газ қазандығы жарылған деген болжамды жоққа шығарды.
Оның сөзінше, өрт газдың жарылуынан болған жоқ.
«Газ қазандығын қарап шықтық. Ол сыртта, өрттің себебі газдан болуы мүмкін емес. Мамандар себебін анықтап жатыр», – деп жауап берді Зулфухар Жолдасов.
Сондай-ақ өрттің хронологиясын айтып берді.
«Сигнал сағат 5:38-де түсті. Алты минуттан кейін өрт сөндірушілер оқиға орнына жетті. Үш адам құтқарылды, бірақ, өкінішке қарай, 12 адамды аман алып қалу мүмкін болмады. Қазір зардап шеккен үш адам ауруханада жатыр. Жерлеу рәсімі мен материалдық шығындарды өтеу бойынша көмек көрсетіледі».