Дархан Сатыбалды ресми түрде Алматы қаласының әкімі қызметіне кірісті. Жаңа әкімнің жұмысы жеңіл болмасы қазірдің өзінде айқын білініп тұр. Алматы әкімінің креслосы Сатыбалдының мансабындағы ең күрделі сынақ деп пайымдайды Шындықтан қаша алмайсың
Досаев қала тұрғындарының психологиясын жақсы түсінді. Иә, Досаев дөрекілеу еді, бірақ прагматикалық көзқарасы мен экономикалық логикасы басым саясаткер болатын.
Әрбір сөзін нықтап, тезисін дәлелдеп жеткізетін, шешім қабылдағанда халықтың көңіл-күйін бірінші орынға қоймайтын, бірақ қала экономикасына қатысты мәселелерді жүйелі, логикалық тұрғыдан түсіндіре алатын әкім болды.
Алматының орыстілді тұрғындарымен ашық қақтығысса да, бұл аудитория оның «пофигистік» мінезін қабылдап үйренген еді.
Ал Дархан Сатыбалдының басқару стилі мүлдем бөлек. Ол бұған дейін басқарған Шымкент пен Түркістан облысы демографиялық, мәдени және саяси ерекшеліктері мүлде басқа аймақтар.
Оңтүстіктегі жайбарақат, әлеуметтік мәселелерді аса ушықтырмайтын, жергілікті элиталармен тез тіл табысатын басқару стилі Алматыға жарамайды.
Қаланың қоғамдық-саяси алаңы да тым күрделі. Қазақтілді және орыстілді тұрғындар арасында саяси-әлеуметтік тақырыптарда айқын ажыратылған позициялар бар.
Сатыбалды үшін басты кедергі дәл осы орыстілді орта болуы ықтимал. Ерболат Досаев орыстілді аудиториямен тікелей әрі өткір диалогқа түсе алатын әкім еді. Тіпті кейде өткір сындарға эмоциямен жауап беру арқылы оларды сабасына түсіріп отыратын. Кей жағдайда жұртшылықтың наразылығын тудырған шешімдерге де табандылықпен тұрып берді. Соның арқасында Алматының талапшыл әрі сыншыл тұрғындары Досаевты ұнатпаса да, құрметтей білді.
Жаңа әкімнің осындай күрделі коммуникация стиліне дайын екендігіне кепілдік жоқ. Оның бұған дейінгі әкімдік тәжірибесінде дәл осындай күрделі, қабаттасқан, әртүрлі әлеуметтік-саяси топтардың мүддесін теңестіретін міндеттер болған жоқ.
Алматы тұрғындары жол, көлік қозғалысы, экология, құрылыс мәселелері бойынша өте талапшыл келеді. Олар үшін әрбір кәрі ағаштың тағдыры маңызды, әрбір жаңа ғимараттың орнын таңдау принципті мәселе.
Сатыбалды бұрынғы басқару стилімен, бюрократиялық шешімдерді дәстүрлі жолмен қабылдайтын болса, тұрғындар тарапынан үлкен сынға ұшырайды.
Тағы бір маңызды аспект экономикалық мәселелерді шешу. Алматы елдің басты экономикалық моторы. Мұнда шағын және орта бизнес өте белсенді, әкімнен нақты әрі ашық экономикалық шешімдер күтеді.
Алматы саяси шешімдердің де орталығы. Қоғамдық митингілер, әлеуметтік наразылықтар осы қалада жиі орын алады. Сатыбалды осыған дейін мұндай саяси және әлеуметтік толқулармен бетпе-бет келген емес.
Бұған қосымша, Алматыдағы қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал ететін ақпарат алаңдары өте белсенді. Жаңа әкімнің әрбір қадамын жіті бақылайтын журналистер, қоғамдық пікір иелері мен сарапшылар Сатыбалдыға үлкен қысым жасауы ықтимал.
Жалпы алғанда, Дархан Сатыбалдының Алматы әкімі ретіндегі жұмысы оның бұған дейінгі басқару тәжірибесінен мүлдем өзгеше болмақ. Досаевтың кемшілігін уақыт өте келе кешірген тұрғындар, Сатыбалдыға ондай кеңшілік жасамауы мүмкін.
Сондықтан Дархан Сатыбалды үшін Алматы әкімінің қызметі кезекті аялдама емес, оның саяси болашағын анықтайтын аса маңызды сынақ болмақ. Осы сынақтан қалай өтетінін алдағы уақыт көрсете жатар.