Бағанашылдағы балалар үйінде болған бүгінгі айқай-шу Ақордаға дейін естілді. Бала дегенде бәріміздің бүктелген бүйіріміз жазылып, еметайымыз езіліп түсетіні анық.
Әкелік инстинкт пен адами қасиетке салып Тоқаев Алматының тау бөктеріндегі "таудай" мәселені тез шеше салды. Балалар ешқайда көшпейді, жетімдерді жылатқандардың мәселесін май-шаммен қараймыз деп қысқа қайырыпты. "Тоқаев тигр"-деп бәрі сонымен тарқасты.
Алдыңғы аптада Алматы облысының әкімімен шай ішкенімізді жазғам. Сол дастархан басында бұл мәселе көтерілді. Марат Сұлтанғазиев балаларды Қонаевқа күштеп көшіреміз деген ешқандай емеурін білдірген жоқ. Тек жаңа салынған ғимарат керім, балалар үшін бар жағдай жасалған деді.
Ал, шу шығарып жатқан тәрбиешілер мен сол жердегі педагогтар деп ашығын айтты. Яғни, Алматыда тұратын мұғалімдер мен тәрбиешілердің Қонаевқа қоныс аударғысы жоқ екен. Сондықтан байбалам салып, интернаттың орнына зәулім ЖК салмақшы деген гу-гу әңгіме таратқан көрінеді.
Бағанашылдағы "детдом" көшірілсе, босаған жер телімін Алматы қаласының балансына өткіземіз деді. Яғни, ол жерге үй сала ма мақта еге ме ол Дархан Сатыбалдының құзырында дегенді анық айтты. Демек, интернатты көшіру облыс емес қала билігіне қатты қажет болған сияқты.
Бағанашылдағы дау бүгін басталған жоқ. Бұған дейін де біраз шу болған. Сол кезде Сұлтанғазиев балаларды қабылдап, соңғы түлек оқуын аяқтағанша ешкім ешқайда көшпейді деп уәде беріп еді.
Бірақ араға 3-4 ай салып сөзінен секіріп кетті. Немесе сөзінен секіртті. Меніңше екінші нұсқа дәл келетін сияқты. Себебі ер жігіттің екі сөйлегені өлгені дейді. Ал, облыс әкімінің екі сөйлегені отқа түсумен бірдей ғой. Сонда облыс басшысын отқа итерген кім немесе қандай күш? Осы жағын тереңірек қазу керек сияқты.
Диас НҰРАҚЫН, журналист.