«Жаңа адамдар» қозғалысы Алматыда азаматтық науқанын бастады, деп хабарлайды DEMOCRAT.
31 тамызда Алматыдағы Көктөбе алаңында «Жаңа адамдар» қозғалысы «Жаңа ритмге қосыл» атты барабандар фестивалін өткізді. Шараға түрлі соқпалы аспаптарда өнер көрсеткен музыканттар қатысып, барабан, дарбука, драм-пад және перкуссияның басқа да түрлерінің әуені бір арнаға тоғысты. Көрермендер тек тамашалап қана қоймай, белсенділермен бірге ортақ ырғаққа қосылып, өзгерістер әркімнен басталатынын көрсетті.
Фестивальдің шарықтау шегі 200-ден астам белсендінің бірлескен барабан шоуы болды. Би қойылымдары мен көрермендердің қолдауы бұл сәтті ерекше атмосфераға бөлеп, барлығын бір ырғаққа үндеді. Дәл осы қойылым жаңа азаматтық бастаманың ресми ашылуына себеп болды. Жаңа науқанның мақсаты музыка арқылы өзгерістердің әр адамның өзінен басталатынын еске салу. Барабанның қуатты үні жаңа мәдениеттің, яғни жауапкершілік пен ілгерілеудің нышаны ретінде ұсынылды.
Іс-шара барысында Qazaqstan жазуы бар арнайы жейделер таныстырылды. Бұл мерч ел азаматтарының өз болашағына деген жауапкершілігін бейнелейтін символ ретінде сипатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жейдені киген әр адам: «Елімде болып жатқан оқиғалар мені де алаңдатады. Өз өмірімді өзгертуді өзгелерден күтпеймін, болашағыма өзім жауаптымын. Менің таңдауым мен іс-әрекеттерім елдің мәдениеті мен ертеңін қалыптастырады. Мен – Қазақстанмын», деген ойды білдіреді.

Қозғалыс өкілдері бұл бастаманың маңызын атап өтті. Аружан Үсенова өзгерістер ұрандармен емес, шағын қадамдардан басталатынын айтып, музыка адамдарды ортақ ырғақта біріктіретінін жеткізді. Темірхан Майя әрбір адамның жаңа ритмді өз өміріне де, елге де қоса алатынын атап өтті. Бауыржан Аманов жауапкершілік пен жасампаздық күту емес, әрекеттен басталатынын айтты. Алпамыс Әбілов жаңа мерчті таныстырып, әрбір таңдау мен сөздің елдің болашағын қалыптастыратынын айтты. Нұрай Өмірзақ 200 адамның ортақ ырғақпен өнер көрсетуін қоғамның жауапкершілік пен еркіндікке дайын екендігінің белгісі ретінде бағалады. Ал Нариман Сұлтан жүздеген адамның барабан үнімен бірігуі ерекше әсер қалдырғанын айтты.