Алматыда LRT мен SkyTrain салынбақ

Алматыда LRT мен SkyTrain салынбақ

Бейжіңге жасаған жұмыс сапары аясында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Қытайдың көлік саласындағы жетекші компанияларының басшыларымен кездесті. Кездесуге China Civil Engineering Construction Corporation (CCECC), China Railway Rolling Stock Corporation (CRRC) және басқа да ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты деп жазады Democrat.kz. сайты BAQ.kz.-ке сілтеме жасап.

Тараптар Алматыдағы заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін салу, SkyTrain жүйесін енгізу және метро желісін кеңейту жобаларына ерекше назар аударылды.

Дархан Сатыбалды мегаполистегі ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыру үшін озық технологияларды тарту мен халықаралық серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті.

Келіссөздер қорытындысында Алматы қаласының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы, CRRC компаниясы және «Integra Construction KZ» ЖШС арасында LRT жобасын іске асыру және жылжымалы құрамды жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар қытайлық компаниялар консорциумы мен «Integra Construction KZ» ЖШС арасында SkyTrain желісін жобалау және салу туралы келісім жасалды.

Жобаларды іске асыру қалаға инвестиция мен заманауи технологияларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ Алматыдағы көлік қолжетімділігі мен қалалық мобильділік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Барлық жаңалықтар