Алматыда Земфираның концерті өтпейтін болды

Алматыда Земфираның концерті өтпейтін болды

Әйгілі әнші Земфира Instagram парақшасында Алматыдағы көптен күткен концертінің өтпейтінін хабарлады,.

Земфира өз жазбасында былай деп мәлімдеді:

"Сәлеметсіздер ме. Менде жақсы жаңалық емес: Алматыдағы концерт өтпейді", – деді ол.

Бастапқыда концерт 6 шілдеде Қонаев қаласында өтуі тиіс еді, кейін ол Алматыға ауыстырылды. Әншінің айтуынша, бәрі басынан-ақ сәтсіз басталған: ұзаққа созылған келісімдер, алаңның ауысуы және соңында – «Хан-Тәңірі» стадионында концерт өткізуге ресми рұқсат берілмеген.

"Концертке екі апта қалғанда. Мен үшін 'Афиша' – қасиетті ұғым. Сондықтан түсіне алмай тұрмын…" – деп жазды ол.

Земфира шілде айында Алматыда концерт болмайтынына өкініш білдірді.

"Мен тырыстым, Қазақстан. Соңғы кездесудегі ыңғайсыздықты жоюға, әдемі қоштасуға тырыстым. Қалай болғанда да, қазақ көрермені керемет, өткен концерттер мен естеліктер үшін алғысымды білдіремін", – деді әнші.

Бұл жағдайға қатысты билеттер сатылымына жауапты сервис те пікір білдірді:

"Өкінішке қарай, бізге, ұйымдастырушылар мен әртіске байланысты емес себептермен, Земфираның Алматыдағы концерті өтпейтін болды. Билеттерді 2025 жылдың 4 шілдесінде Ереванда өтетін концертке айырбастауға болады. Егер билетіңізді айырбастау ниетіңіз болса, 27 маусымға дейін tickets@honeycomb-live.com поштасына тапсырысыңыздың нөмірін жазып жіберіңіз. Айырбастау туралы өтініш жасалмаған жағдайда, билеттің құны 14 күн ішінде сол төлем әдісі арқылы қайтарылады", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2023 жылдың тамызында Земфира қазақстандықтардан кешірім сұраған болатын. Ол жазда Алматы мен Астанада концерт беріп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Дегенмен, кейінірек әншінің ұйымдастырушылар жұмысына көңілі толмағаны белгілі болды.

Барлық жаңалықтар