Алматыдағы жартылай жалаңаш, семіз әйел мүсіндері жұртты шулатты

Алматыдағы жартылай жалаңаш, семіз әйел мүсіндері жұртты шулатты

Әлеуметтік желіде Алматы қаласыныі көшелерінің біріне қойылған ерекше мүсіндер қызу талқыға түсті. Видеода адам бейнесіне ұқсас, дене пішіні айқын көрсетілген бірнеше мүсіннің жол жиегі мен жасыл алаңға орналастырылғаны жұртты шулатты деп жазады Democrat.kz.

Желі қолданушылары бұл өнер туындысын әртүрлі қабылдаған. Бірі мұны заманауи арт-нысан деп бағаласа, енді бірі қоғамдық орынға мұндай мүсін қоюды орынсыз деп есептейді.

Видео авторы жазбасында:

“Мына мүсіндерді қойдырған әкімшілік қай басымен ойланды екен?” – деп пікір білдірген.

Пікір жазғандардың арасында да сын айтқандар көп. Кейбірі мұндай нысандарды балалар мен жасөспірімдер жүретін қоғамдық жерге қоюдың қажеті жоқ десе, енді бірі “әуелі талғам мен мәдениетті ескеру керек” деген ой қалдырған.

Ал бірқатар қолданушы мұндай дүниеге тым ауыр қараудың қажеті жоқ екенін айтып, оны жай ғана өнер нысаны ретінде қабылдауға шақырды.

Дегенмен көпшілік арасында “қаланың келбетін қалыптастыратын кез келген мүсін мен арт-нысан қоғамдық талқылаудан өтуі керек” деген пікір басым. Себебі мұндай нысандар жеке галереяда емес, көпшілік жүретін ашық жерде орналасқан.

Қазір видео әлеуметтік желіде тарап, қолданушылар әкімдік пен жауапты мекемелердің бұл мүсіндерге қатысты түсініктеме беруін күтіп отыр.

Барлық жаңалықтар