Әміржан Қосанов: Ел алдына шығып, айтыңдар, түсіндіріңдер!

Әміржан Қосанов: Ел алдына шығып, айтыңдар, түсіндіріңдер!

Қоғамдық пікір деген бар. Әрине, ол әрқилы әрі әрсырлы, керек десеңіз әрнегізді.

Біріншіден, тұрпайы хайпқа еріп кететін (кешіріңіздер) тобырлық синдром бар. Мәселен, біреудің (белгілі тұлға, қоғам қайраткері не эстрада жұлдызы, не танымал блогер) жеке басындағы жайтқа қатысты жұрт улап-шулап кетеді. Өз басым оны жаһандану мен адамның ең тұрпайы (примитивті) психологиялық деңгейін пайдалана алатын жаппай ақпараттандыруды еріксіз мойындауға қажет деген фактор деп қабылдаймын. Алайда, соған қоса екінші фактор бар. Ол – мемлекет өміріндегі өте-мөте маңызды оқиғаларға қатысты әртүрлі болса да, қоғам пікірі. Меніңше, бүгінгі жаһандық сипаты бар жаңалыққа биліктің реакциясы басқаша болуы тиіс еді. Міне, бізде АЭС салу жөніндегі конкурста басқа емес, Ресейдің «Росатомы» жеңгені туралы ақпарат тарап жатқанына тәулік болды. Бұған дейін президент бірнеше ел компанияларынан құралған консорциум болады деген сыңайда пікір айтқан. Соны қолдадық. Енді сол консорциумның алдына Росатом шығып кетіпті. Ресеймен Қазақстан көрші, онымен әріптестігінен айни алмайды, ол Құдай берген тағдыр. Десек те, сол ақпарат жарияланғанда ел алдына президент, не оның қол астындағылар шығып, мәселенің мән-жайын барша жұртқа тәптіштеп, түсіндермей ме?! Соғыс бастаған, содан әлсіреп, батыс елдерінің санкциясының астында қалған, бүгінде соғысқа шақырылған солдаттарға ақша төлеуге мүмкіндігі жоқ Ресейдің бүгінгі экономикалық, қаржылық жағдайын бәріміз білеміз ғой?! Солай бола тұра, ол АЭС секілді аса қымбат жобаны қолға алатындай ма? Бұған дейін үш ТЭЦ-ке қаржысы жетпеді деген ақпарат неге жоққа шығарылмады? Осы және басқа да жұртты мазалаған сұрақтарға неге жауап жоқ?! Оған қоса консорциумның құрамына кірген басқа елдердің пікірі қайда? Ақордадағы, үкіметтегі жігіттер! Ел алдына шықсаңдаршы! Айтыңдар, түсіндіріңдер! Ел сенетін сөз айтыңдар! Әміржан ҚОСАНОВ, саясаткер. Фото интернеттен.
Барлық жаңалықтар