Әнару Құрманәлі экс-адвокаты Ләззат Ахатоваға қатысты сұмдық жазба жариялады

Әнару Құрманәлі экс-адвокаты Ләззат Ахатоваға қатысты сұмдық жазба жариялады

Әнару Құрманәлі әлеуметтік желідегі парақшасында бұрынғы адвокаты Ләззат Ахатоваға қатысты жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

"Ләззат Ахатова және Жанқоштың құпия келісімі

Байқасаңыздар, менің жағдайым туралы шудың шеті шыққалы жалма-жан фб әлеуметтік желісінің аса белсендісі Ләззат Ахатова бірден мені жақтаған бірнеше посттар жазып бастады. Әрине, барлығы мені жақтау мақсатындағы посттар еді… Бәлки, бұл клиент табудың амалы ма екен, кім біледі?!

Әйтеуір, бұл кісіні әкем де жақтай кетіп, аз ғана уақыттың ішінде аяқ астынан адвокатым болып шыға келді. 

Басында анамдай қамқор болып, сырымды біліп, алдағы әрекеттерімізге қанық болды. Әкемнің сөзінше, Ләззат Ахатоваға 1 млн көлемінде іс бойынша ақы төлеген екен.

Бірақ басында жақтаған, аяған кейіп танытқан, кейіннен жер-жебіріме жетіп, жынды адамға шығарған посттарынан бөлек, нәтижелі әрекетіне қанық бола алмадық. 

Соңғы рет 4 ай бұрынғы жазған посттары кенеттен мүлдем басқа арнаға бұрылды да кетті. Өң мен түстің ортасында жүрген мен үшін адвокатымның бұл әрекеті мүлде түсініксіз еді. 

Пост мәтінінде: мені барша фб әлеміне “қыз да оңып тұрған жоқ”, “мінез-құлқы нашар”, “жарымес” деген секілді мүлдем кереғар балағаттаулар толып тұр еді. Және әкеме де қарсы қойып, бірнеше жазбаларын қорғауындағы маған ерінбей арнады кеп…

Сол постты оқығаннан кейін өмірмен біржола қоштаспақ болып, өз-өзіме қол сала жаздап, әрең ес жиғанымды қалай ұмытайын?! (Мұндайды кибербуллинг деуші ме еді, не деуші еді?!) Осылайша әкем екеумізді бір-бірімізге жауластырып, түлкі кейпінде істен кетті де қалды.

Іс қалды, қу кетті. Сөйтсем, бұл кісінің көкейін тескен тағы да қу құлқын екен.
Әкемнен бұдан кейін қызы үшін ақша өндіру қиын болатынын сезген болар, бәлкім?!.  Хош, ештеңе демейін. Ләззат Ахатова мен Жанқоштың байланысы осы суреттен-ақ көрініп тұр.

Одан қанша ақша алғанын қалың фб қауымына ақталып, өзі жаза жатар)… Суретті бір оқырманым жіберіп, мән-жайға қанық болған соң, өз-өзіме келе алмай, беймаза күй кешіп жүрмін. 

Енді айтыңыздаршы, кімдікі ақиқат, кімдікі шын? Қылмыс жасамаған зорланған қыз бала ма? Әлде қылмысын жасыру мақсатында адвокатымды сатып алған қарсы тарап па?" Деп жазды Әнару Құрманәлі. 

 

Барлық жаңалықтар