Ақберен Елгезек: "Соққыдан айыға алмай, есеңгіреп отырмыз"

Ақберен Елгезек: "Соққыдан айыға алмай, есеңгіреп отырмыз"
Танымал ақын, Ақберен Елгезектің бір жазбасы түрлі пікірталас тудырып, түрлі ұсыныстар жасауға себеп болуда деп жазады Democrat.kz.
 
"Бір інім хабарласып:
- Аға, сіздің кітабыңызды алайық десек, бір қызметкерім: “ол кісі сопы емес пе, бізге зияны тиіп кетпей ме деп жатыр?!” деп ішек-сілесі қатып күледі. Мен де күлгенсідім. Негізі күлетін жағдай емес.
 
- Сен оған айт: Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп аталарыңнан қандай зиян келсе, менен тура сондай зиян келуі мүмкін, басқа вирус жоқ менде! - дедім.
 
Ойпырым-ай, Қазақ ғасырлар бойы ұстанған рухани бағдарынан айналдырған 60-70 жылдың ішінде қалай ғана айырылып қалған десейші. Мыңжылдықтар өлшемімен қарағанда бағзы ұлы әулиелердің мол сарқытындай болып ғұмыр кешкен Абайдың өткені күні кеше ғана еді.
 
Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп, Бекасыл, Қалжан, Кердері, Тұрмағамбет т.б. аталарымыздың дүниеден өткеніне біріне ғасыр толса, кейбіріне әлі толған жоқ.
 
Сонда бас-аяғы бір ғасырға толар-толмас жалт еткен уақытта бәрінен айырылған, рухани тұрғыдан дырдай жалаңаш болған ұлтқа айналып шыға келгеніміз қалай?!
 
Ант ұрған Совет үкіметі құламағанда, сол жүйенің ішінде жүріп, қазіргі уақытқа жеткен күйімізді елестету мүлде қорқынышты. Қазір де жетісіп тұрғанымыз шамалы бірақ. Әлі сол идеологиялық соққыдан айыға алмай, есеңгіреп отырмыз.
 
Бізге шұғыл түрде өз бастауларымызға қайтып, бұлақтарымыздың баттасып бітелген көздерін аршып, кәусарларымыздан қанып ішпесек болмайды екен! Әйтпесе осы маңғанымыз - маңған екен.
 
Қазақ өліп кетсе де араб та, орыс та, америкалық та бола алмайды. Өйткені Құдай біздің тегімізге басқа бағдарламаны өріп салып қойған. “Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” дегенді естен шығармаймыз алайда. Қиыншылық жоқ, бәрін сүйе береміз.
 
Бірақ әуелі қазақ қазақты сүйіп үйренбесе, ондай гуманистік ойларың бекер, өтірік декларация ғана болады. Қазақ - қазақты сүйіп, өзін де қазақ екенін сезініп, біздің кейбір ағайын ұқсап одан қорланбай, өзін-өзі қабылдап, әуелі өзін-өзі сүю керек.
 
Даңғасасыз, бабам пәлен-түген болған деп елірмей, өтірік мақтанбай, жай ғана өзінің қоңыр болмысын сүю керек. Құдайға ұнайтын қылығымыз көп қой, сол қылықтарымызды анықтап ап сүйсек те жетіп жатыр. Қазақ - қазақ болмай, көсегеміз көгермейді. Бұл жаратылыстың заңдылығы" деп жазды Ақберен Елгезек. 
Ақынның бұл жазбасына қатысты оқырмандарының пікірі алуан түрлі болды. 
Бірі "мектепте діни тәрбие сағатын өткізу керек" десе, енді бірі "дін емес, әуелі қазақ болуымыз керек" деген сыңайда пікір жазуда. 
Барлық жаңалықтар